Оңдасын Оразалин: Білім алуға құштар балаларға қолдау көрсетілу қажет

14-тамыз, сәрсенбі  күні облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің  тағайындаған 100 оқу  грантының  иегерлерін анықтау  бойынша комиссия отырысы өтті. Аймақ басшысының  төрағалығымен болған жиынға облыс әкімінің орынбасары, комиссия мүшелері, басқарма басшылары қатысты.
Облыс әкімінің өңірдегі сұранысқа ие мамандықтарға арнайы бөлген 100 грантына жалпы 269 үміткер құжат тапсырған. Олардың 77-сі аталған грантқа ие болды. Ақтөбе облысына қажетті 15 мамандық бойынша ЖОО-да  білім алатын болады. Ал, қалған 23 грант резидентура бағыты болғандықтан нәтижесі  алдағы тамыздың 25-нен соң анықталады.   Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлназ Сүлейменова биылғы жылы  құжат тапсырған үміткерлердің ҰБТ-дан жинаған бал көрсеткіштері өте жоғары екенін айтады. Сондықтан да  комиссия мүшелеріне грантты бөлу оңайға соқпады.  Мәселен, жалпы медицина  мамандығына түсуге  ниет білдірген 94 баланың  68-ің балы 100 ден жоғары. Облыс әкімінің  медицина мамандығына бөлген 10 гранты 123-124 бал жинаған 10 балаға бұйырды. Сонымен қатар, өнер, информатика, дін  мамандықтарына талапкерлер құжат тапсырмағандықтан, комиссия құрамы  артылған гранттарды өтініш неғұрлым көп түскен, әрі өңірге қажетті мамандықтар саналатын медицина мен бастауыш және  педогогика мамандықтарына бөлді.
«ҰБТ жинаған бал   көрсеткіштері жоғары, әрі  білім алуға құштар балаларға қолдау көрсетілуі қажет. Білімді азаматтар қашанда қоғамға қажетті, сондықтан да артылған үмітті ақтайды деген сенімдемін »,-деді Оңдасын Оразалин.
Сондай-ақ, мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алушы, және көпбалалы отбасының балаларына арналған ҚР Ұлттық қорының нысаналы трансферт есебінен бөлінген  180 грантына 154 бала құжат тапсырған. Құжаттары мен жинаған бал көрсеткіштері бойынша талапқа  сай болған  120 бала осы грантқа ие болды. Дегенмен  комиссия мүшелері  қалған  34 баланың атаулы әлеуметтік көмек алатын және  көп балалы отбасыдан шыққанын ескеріп, олардың ЖОО-да білім алуына шешім қабылдады.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі