Оңдасын Оразалин ерекше нәзік жандылармен жүздесті

6 наурыз, жұма күні Анаға тағзым орталығында мүмкіндігі шектеулі әйелдер, мүгедек-балаларды тәрбиелеп отырған аналармен және Ауған соғысына қатысқан интернационалист – жауынгер азаматшалардың қатысуымен «АНАЛАР – АСЫЛ ЖАНДАР» атты мерекелік кездесу өтті. Шараға облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова,«Ақтөбе қалалық сал ауруларды қолдау қоры» ҚБ-нің директоры Құралай Байменова, «Қазақ саңыраулар қоғамының Ақтөбе облыстық бөлімшесі» төрайымы Зинаида Телеушова, «Қазақ соқырлар қоғамы» ҚБ, «Қазақ зағиптар қоғамы», «Ақтөбе қалалық сал аурулар қолдау қорының» ҚБ мүшелері қатысты. Жиынға қатысқан аналар мемлекет тарапынан көрсетілген көмектерге алғыстарын жеткізді. Құралай Байменова арбаға таңылғаннан кейін өмірінің қалай өзгергенін, қиындықтарды жеңіп, мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығы үшін қалай күрескені жайында және өзі тағдырлас азаматтарға көрсетілген қолдауларға алғыс білдірді. Тағдыр тауқыметін көтерген аналардың өтініштері мен мәселесін тыңдауға әзір екендігін жеткізген облыс әкімі әйел адамның қоғамдағы рөлін ерекше атап өтті.
«Өмір болған соң қоғамымызда түрлі жағдайлар орын алып жатады. Араларыңызда өмірден өгейлік көрген жандарға қамқор болып, оларды жандарыңызға жинап, белсенді жұмыс жасап жүрген қоғамдық бірлестіктердің басында өздеріңіздей жанашырлардың бар екендігі бізді қуантады.Кейбір он екі мүшесі сау адамның қолынан келмейтін істі атқарып отырсыздар.Яғни, қоғамдағы болып жатқан үрдістерден тыс қалмай, өз үлестеріңізді қосып жүрген өздеріңізге зор ризашылығымды білдіргім келеді",- деді өңір басшысы.
Мерекелік кездесуге келген аналар өңір басшысына Ақтөбеде мүгедек жандарға оңалту орталықтарын ашу, және Үкіметке еліміз бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнайыландырған курорттық емдеу орындарын салу ұсынысын жеткізсе деген өтініштерін білдірді. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин ұсыныстарды жеткізетінін және оңалту орталығын салу мәселесіне тиісті жұмыстар жасалатындығын, кезеңімен шешім табатындығын айтты. Кездесу соңында жиынға қатысқан 30 анаға гүл шоқтары мен демеушілердің көмегімен алынған көрпелер сыйға тартылды.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі