Оңдасын Оразалин жүйке аурулары бар балаларға арналған орталық жұмысымен танысты

Бүгін облыс әкімі Оңдасын Оразалин мүгедектер күніне орай Ақтөбедегі 18 жасқа дейінгі жүйке аурулары бар балаларға арналған «Жайна» оңалту орталығында болды.
Аймақ басшысы ашылғанына 3 жыл болған сауықтыру стационарының ішін аралап, балаларға жасалған жағдаймен танысты. Мұнда ең ауыр дәрежедегі 100 бала ем қабылдауда.
Оларға медициналық, білім беру, психологиялық, тұрмыстық, құқықтық, арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Яғни, психолог, педиатр, невропатолог, хирург мамандарының қызметінен өзге парафин, электрофарез, дарсанаваль, массаж, талма ауруы барларға кислородпен алғашқы көмек көрсету жағдайлары қарастырылған.
Ем қабылдаушыларға 6 мезгіл тамақ беріледі. Пандемия кезінде орталықта бірде-бір covid19 инфекциясына шалдығу оқиғасы тіркелмеді. Орталық дәрігерлерімен кездескен облыс әкімі Оңдасын Оразалин үлшеусіз еңбектері үшін алғыс білдірді. Орталық басшысы Нурила Жарболоваға және 4 қызметкерге алғыс хат табыстады.
Бүгінгі күні облыс бойынша мүгедек – балалардың саны 3762 адамды құрайды, оның 1482-сі жүйке-психикалық аурулары бар балалар.
 
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі