ОҢДАСЫН ОРАЗАЛИН ЖҰМЫС САПАРЫМЕН ОЙЫЛ АУДАНЫНДА БОЛДЫ

8 қазан, бейсенбі Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Ойыл ауданында атқарылған әлеуметтік- экономикалық бағыттағы шаруалармен танысты.

Аймақ басшысы Ақкемер елдімекеніндегі “Өңірлерді дамыту” бағдарламасы аясында салынып, құрылысы қазан айында аяқталған орталықтандырылған ауыз су жүйесін ресми түрде іске қосты. Облыс әкімінің қолдауымен құны 259 млн тг іске асырылған жоба арқылы 80-ге жуық тұрғын үй таза ауыз суға қол жеткізді. Ауданда орталықтандырылған ауыз сумен 10 елді мекен қамтамасыз етілген. Бұл жалпы халық санының 81,8% немесе 15,1 мың адамды құрайды. Таза әрі тұщы ауыз сумен қамтылған ақкемерлік тұрғындар атқарылған жұмыстар үшін алғыстарын білдірді.
“Мемлекет басшысының тапсырмасымен облыста “Өңірілерді дамыту” бағдарламасын жүзеге асыру жүйелі орындалып отыр. Ендігі мақсатымыз сапалы интернет желісін орнату, ауылдың даму әлеуетін сараптай отырып, газ тарту мәселесін қарастырудамыз”,- деді Оңдасын Оразалин.

Өңір басшысы бұдан соң аудандағы суармалы алқаптарды ұлғайту мақсатында атқаралып жатқан инфрақұрылымының құрылыс монтаждау жұмыстарын бақылады. Батыс Қазақстан ҚазСушар филиалы “Спарта”, «Көбек» , «Жұмырбай» шаруа қожалықтарына жер асты суын пайдалану арқылы 240 алқапқа инфрақұрылымның құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Мердігер мекеме құрылыс жұмыстарын 2020 жылдың қараша айында аяқтауы тиіс болатын. Дегенмен “Кебек”, ”Жұмырбай” ШҚ-ғы құрылыс монтаж жұмыстары басталмаған. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин жауапты мамандарға қатаң ескерту жасады. Орынбасары Аманғали Бердалинге бақылауда ұстауды тапсырды.
Өңір басшысы сондай-ақ, Ойыл ауылындағы демеушілердің ат салысуымен 15 млн тг қаржыға салынған аудандық балалар музыка мектебіне ат басын бұрды. Қыркүйек айында пайдалануға берілген ғимаратта 545 бала домбыра, фортепьяно, вокал, хор, дәстүрлі ән, би үйірмелерін үйренуде. Облыс әкімі нысан ішін аралап, талантты балалардың өнерін тамашалады.
Оңдасын Оразалин «Көптоғай ауылына кіреберіс» 21,2 км, «Ойыл-Қараой» 74,8 км, «Шұбарши ауылына кіреберіс» 15,2 км тас жолдарының орташа жөндеу жұмыстарымен танысты. Аталған жолдарды жөндеуде канадалық технологияны пайдалана отырып жүзеге асыруда. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мәлімбет Ибрашевтың айтуынша, канадалық технологияны қолдану арқылы әрбір шақырымнан 25%-30% қаражат үнемделеді әрі сапасы жоғары.
Аймақ басшысы Сарбие ауылындағы шағын футбол алаңы, Жекенді дәрігерлік амбулаториясы, Сапақкөл орта мектебінің жұмыстарын көрді. Мектеп пен амбулатория биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасымен күрделі жөндеуден өтті.
Оңдасын Оразалин аудан әкімі Асқар Қазыбаевқа инвестициялар, оның ішінде шетелдік инвестицияларды тарту жұмыстары мен жергілікті азаматтарды мемлекеттік бағдарлама арқылы жұмысқа орналастыруды белсенді жүзеге асыруды тапсырды.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі