Оңдасын Оразалин: Инвесторларға жан жақты қолдау көрсетілетін болады

Бейсенбі, 18 шілде күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин  «Protecting Business and Investments» жобалық кеңсесі аясында өңірдегі әрекет етуші және инвестициялық жобаларды жүзеге асырушы инвесторлармен кезекті кездесуін өткізді.  
Кездесуге қазақстандық және шетелдік инвесторлар, кәсіпкерлер, мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың басшылары, Ақтөбе облысындағы даму институттарының өкілдері, БАҚ журналистері қатысты.
Жиын барысында аймақ басшысы Ақтөбе облысы инвесторлар үшін қызмет етуге өте қолайлы аймақ екенін атап өтті.  
- Өздеріңізге белгілі, жақында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысы өтті. Мемлекет басшысы экономика секторына инвестиция тарту жұмыстары жергілікті биліктің жұмысында ерекше басымдық болып табылатынын атап өтті. Біздің тарапымыздан осы бағытта жұмыс күшейтілетін болады. Өңірдің қолда бар әлеуетін және қолайлы инвестициялық ахуалын ескере отырып, салалық басқармаларға, «Қазақ Инвест» ҰК» АҚ-ның өңірлік өкілдігіне, «Ақтөбе» ӘКК» АҚ-ға Ақтөбе облысына инвестициялар тарту жөніндегі жұмысты жандандыруды, сондай-ақ осы фронт-офис алаңын пайдалана отырып, инвестициялық жобалардың кедергісіз іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырамын, - деді облыс әкімі сала басшыларына.
Атап өтейік, инвесторларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу үшін құрылған «Protecting Business and Investments» жобасының фронт-офисы өңірімізде екінші жыл жұмыс істеп келеді. Жобаның басты мақсаты -инвесторларды кәсіпкерлік қызмет аясында кездесетін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінен қорғау, сондай-ақ инвестициялық бизнес-климатты жақсарту болып табылады. Фронт-офис ашылған сәттен бастап инвесторларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу бойынша 24 келісімге қол қойылды.
Жиын соңында аймақ басшысы өңірімзге инвестиция тарту жұмыстарына жергілікті билік барынша жан жақты қолдау көрсетіп, ерекше басымдық танытатынын атап өтті.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі