Оңдасын Оразалин : Мемлекеттік органдар қызметінің сапасын арттыру қажет

20 тамыз, сейсенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен аппарат отырысы өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, департамент, басқарма басшылары мен селекторлық режимде қала және аудан басшылары қатысты.

Басқосуда бірнеше мәселе талқыланды. Өңіріміздегі барлық мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау бойынша Ақтөбе облысы әкімі аппараты басшысы Нұржауған Қалауов баяндама жасады. ҚР Президенті Әкімшілігі жыл сайын барлық мемлекеттік органдардың қызметінің тиімділігіне бағалау жүргізеді. Аталған бағалаудың «Персоналды басқару» бағыты бойынша ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бағалайды. 2018 жылғы бағалаудың қорытындысы бойынша көрсеткіш 87,14 балл болған. Аппарат басшысы аталған бағалаудың межесін биыл 90 балдан асыру қажеттігін жеткізді. Ол үшін кадр құрамының тұрақтылығы яғни, бір мемлекеттік мекемеде 3 жылдан аса үздіксіз жұмыс жасаған мемлекеттік қызметшілердің санымен айқындалады. Мәселен, биыл 2 рет алғаш қабылданған жылы мемлекеттік қызметтен кету жағдайы орын алды. Бұл жаңадан қабылданған мемлекеттік қызметшілерге тәлімгерлікті бекіту және бейімдеу жұмыстарының тиісті деңгейде жүргізілмей жатқандығын көрсетуде. Гендерлік құрам бойынша басшы лауазымдардағы әйелдер үлесін арттыру қажет. Сондай-ақ, мемлекттік қызметшілерді оқыту,еңбек нормаларының сақталуы сынды талаптар бұлжытпай орындалған жағдайда жоғарыда көрсетілген межеге жетуге мүмкіндік бар. Сонымен қатар, Нұржауған Қалауов Мемлекеттік органдардың жеке және заңды тұлғалармен байланысына тоқталды. Облыс әкімінің аппаратына 2019 жылдың 7 айында 2 521 өтініш келген.

Түскен өтініштер сапасыз қаралғандықтан 68-сы қайталанған. Мерзімдерді бұза отырып қаралатын өтініштердің саны да артқан. 7 ай ішінде олардың саны 46-ға жеткен. Мәселен, Ақтөбе қаласының білім бөлімі, Ақтөбе қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімі , еңбек инспекциясы басқармасы, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы, тілдерді дамыту басқармасы, Алтықарасу, ауылдық округі әкімінің Қаратал ауылдық округтері әкімінің аппараты өтініштерді кешігіп қараған. Келіп түскен әрбір арыз, өтініштерге сапалы қарап, көтерілген проблемаларды мүмкіндігінше шешу, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерінің қайталануына жол берілмеуі керек

Бұдан соң, экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаева 2018 жылға «Мақсаттарға қол жеткізу» блогы бойынша тиімділікті бағалау қорытындысы туралы айтып өтті. 2018 ж. мақсаттарға қол жеткізуді бағалау нәтижелері бойынша әкімдіктің қызметі 82,87 балға бағаланған. Бұл Республика бойынша 5-ші орын. Ал, аумақты дамыту бағдарламасы бойынша (АДБ) 2018 ж. 85%-ға қол жеткізілген. АДБ мақсаттарына қол жеткізу критерийі 49 балды құрап, барлық 17 өңір арасында бірінші орынға тұрақтады. Облыс әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов қаражаттардың игерілуі туралы баяндады. 8 айдың қорытындысы бойынша 21,5 млрд.теңге қаражат игеру қажет. Қаражатты игере алмай отырғандардың ішінде Ақтөбе қаласы көш бастап тұр. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, құрылыс, сәулет және қала құрылысы, индустриалды-инновациялық басқармалары мен Қобда, Алға, Хромтау, Мұғалжар, Қарғалы аудандарының бөлінген қаржыны тиімді пайдалана алмау қауіпі бар. Оңдасын Оразалин жиында көтерілген мәселелер бойынша жұмысты күшейтуді тапсырып, бюджеттің игерілу мәселесі жеке бақылауында болатындығын жеткізді.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі