Оңдасын Оразалин: Құқық бұзушылықтың алдын алу жүйесі билік пен азаматтық қоғам құрылымдарының күш-жігерін біріктіруі қажет

2 қазан, сәрсенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті. 
Комиссия отырысына облыс әкімінің орынбасарлары, қала әкімі, құқық қорғау органдарының, мемлекеттік мекемелердің басшылары, және аудан әкімдері бейнеселекторлық режимде қатысты.
Жиын барысында жол қозғалысы қауіпсіздігі және көктемгі кезеңде автомобиль жолдары желісін қамтамасыз ету, мал ұрлығы, заңсыз ойын бизнесіне қарсы күрес мәселелері және құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі 2020-2022 жылдарға арналған кешенді жоспар жобасы талқыланды. Сонымен қатар, жол-көлік оқиғалары, қалаларалық жол мәселесі, қала ішіндегі бағдаршам, жұмыс жасамай тұрған бейне бақылау камералары, жол сызықтары да назардан тыс қалмады. 
Атап өтейік, облыстық ІІД хабарлауынша соңғы кездері облыс көлемінде орын алып отырған жол-көлік оқиғаларының көпшілігіне автокөлік иелерінің жауапсыздығы мен көршілес мемлекеттерден кірген көлік иелері себепкер болып отыр. Қазіргі уақытта облыстық ІІД-де сырттан кірген 13 мыңнан астам көлік тіркеліп отыр. Тіркелмей жүргендері әлі де баршылық. Осы тіркелмеудің себебінен түрлі жол-көлік оқиғаларынан кейін де жауапкершілікке тартылмай отыр. Сонымен қатар, полиция органдарымен ұрланған мүлікті сатып алу және өткізу фактілерінің жолын кесу бойынша жүйелі және жоспарлы жұмыстар жүргізілмеген. Тіркелген 18 фактінің 3-і ғана сотқа жіберілген. Уақытылы сотқа беру жұмыстары Ақтөбе қаласы және Қарғалы, Хромтау, Қобда, Шалқар, Алға, Темір, Ойыл, Ырғыз, Мәртөк аудандарында жүргізілмеген.
  - Облысымызда болып жатқан түрлі жағдайлардың алдын алу шараларын жүргізіп, күнделікті қатаң бақылауға алуымыз қажет. Бұл билік пен қоғам болып біріге күресетін мәселе. Ауданаралық жолдардың бойында түнгі мезгілде малдардың өз бетімен жайылып жүретінін көріп жүрміз. Мал ұрлығының алдын алу және болдырмау біріншіден иелеріне тікелей байланысты. Сонымен қатар, қала ішіндегі болып жатқан оқыс жағдайларды бейне бақылау камералары арқылы бақылап, алынған мәліметтерді жұмысқа тиімді пайдалану керек. Көліктің жылдамдығын арттырып, қала ішіндегі жол-көлік оқиғаларын туындататын азаматтарды тәртіптік жауапкершілікке тарту қажет, - деді аймақ басшысы салаға жауапты басшыларға тапсырма беріп. 
Сонымен қатар, ағымдағы жылы 698 қалта ұрлығы тіркелген полиция органдары сотқа тек 44 іс жіберген. 55-і ақталмайтын негіздер бойынша қысқартылған, 564 іс адамдардың анықталмауына байланысты тоқтатылған.
Аймақ басшысы баяндамаларды тыңдай келе, салаға жауапты бірінші орынбасарына және мемлекеттік мекемелердің басшыларына, қала, аудан әкімдеріне аталған мәселелерді қатаң бақылауға алып, тез арада шешімін табу жолдарын қарастыруды тапсырды.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

--