Темір ауданындағы 250 бала Қазақстан бойынша саяхаттауға және демалуға жолдама алды

Все рабочие поездки акима
Сәрсенбі, 25 Сәуiр, 2018

Сәрсенбі, 25 сәуір күні Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Темір ауданына жұмыс сапарымен барып, әлеуметтік-экономикалық дамуымен, мемлекеттік бағдарламалардың іске асуымен танысып,  қайырымдылық акциясына қатысты.

        Облыс басшысы күннің алғашқы жартысында Қопа ауылындағы Кеңестуы ауылдық округінде шаруа қожалықтарының көрмесіне барды. Ауылдық округ құрамына 2 мыңдай тұрғыны бар 3 елді мекен Шитүбек, Қопа, Қалмаққырған бекеті кіреді. Жергілікті тұрғындар үшін негізгі табыс көзі - мал шаруашылығы. Округ аумағында екі ауыл шаруашылық кооперативі және 34 шаруа қожалығы бар.

         Қопа ауылына жақын маңда «Ақтөбе-Атырау-РФ шекара (Астрахан)» автожолы жатыр. Мұнда облыс әкімі осы бағыттағы тас жолын қалпына келтіру бойынша көшпелі кеңес өткізді. Ақтөбе облысында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында республикалық маңызы бар 319 шақырым автомобиль жолдарын кезеңімен қалпына келтіру күтіп тұр. Сондай-ақ  21 көпір қайта қалпына келтіріліп, 5 жол өтпелері темір жол үстінен салынып, төрт елді мекен – Aлға қаласы, Қандыағаш, Шұбарқұдық, Қарауылкелді ауылдарына көлік жолдары салынады.

        Аймақ басшысы мердігер мекемелерге жергілікті жол құрылысы материалдарын беруді күшейтуді, автокөлік жолдарынан өту құрылысын, мал өткелін және жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

- Жол бойындағы қызмет көрсету құрылысы жол құрылысымен қатар жүргізілуі керек. Автожол іске қосылған сәтте кемпингтер өз қызметтерін көрсете бастаулары керек, - деді Бердібек Сапарбаев.

Ауқымды жоба Алға, Темір, Байғанин, Мұғалжар аудандары мен Ақтөбе қаласында жүздеген жұмыс орындарын ашады. Өңір басшысының тапсырмасына сәйкес, ең бірінші кезекте жергілікті тұрғындарды жұмысқа орналастыру керек. Жұмыссыздарды жол тегістеуші көліктің машинисі, жүк тиеуші, автогрейдерші және т.б. мамандықтарына қысқа мерзімді оқыту басталды. Бүгінде реконструкциялау нысандарында Ақтөбе облысының 90 тұрғыны еңбек етіп жатыр. 55 адам оқуды жалғастыруда. Олар теориялық курсты аяқтаған соң мамандандырылған тәжірибеден өтіп, жұмысқа орналастырылады. Барлығы 800 жаңа жұмыс орны құрылмақ.

- Адамдарды сырттан алмаңыздар. Белгілі бір мамандардың жетіспейтіндігін түсінеміз, бірақ біз қазіргі таңда оқытып жатырмыз. Жол жұмыстарының қарбаласы басталған кезде біз сіздерге жұмысшыларды даярлап береміз,-деді Бердыбек Сапарбаев мердігер мекемелердің тас жолды реконструкциялаумен айналысып жатқан басшыларына қарата айтқан сөзінде.

Өңір басшысының жұмыс сапары Шұбарқұдық ауылында жалғасты. Мұнда ол осы жылы жергілікті атқарушы органның кезекте тұрған қызметкерлеріне беретін бірпәтерлі 15 коммуналдық үйдің құрылыс барысын тексерді.

Облыс әкімі «БЖК-2020» мемлекеттік бағдарламасының қатысушылары болып табылатын кәсіпорындардың, соның ішінде тұрмысы төмен азаматтарға әлеуметтік маңызы бар 15 атаулы азық-түлікті 10% жеңілдікпен сататын «Ардақ» көтерме сауда үйінің қызметімен де танысты. Әлеуметтік акция жергілікті әкімдікпен қол қойылған меморандум аясында жүзеге асырылуда.

Сондай-ақ, өңір басшысы «Темірде жасалған» атты көрмеде болды. Жергілікті кәсіпкерлер өздері өндірген құрылыс материалдары мен жиһаздардан бастап ұлттық нақыштағы зергерлік бұйымдар мен кондитер өнімдеріне дейінгі әр түрлі өнімдерді мақтанышпен көрсетті.

Бердібек Сапарбаевтың жұмыс сапары жас дарындардың аудандық слетінде оқушылармен кездесуімен аяқталды. Кездесу кезінде облыс әкімі жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 10 балаға ҚТҚЖБ-дегі есеп шоттарын толықтыру үшін жалпы сомасы 1,4 млн. теңгенің сертификатын табыс етті. Тағы 250 бала өңір басшысының қолынан Астанаға, Шығыс Қазақстан облысы мен Щучинск қаласындағы балаларға арналған ең үздік демалыс лагерьлері мен санаторийлерге жолдама, сонымен қатар, Қазақстанның киелі жерлеріне экскурсиялық саяхат жасау үшін сертификаттар алды.

Айта кетейік, «Бақыты бала» жобасы аясында осы жылы еліміздің киелі жерлеріне 6200 ақтөбелік оқушы саяхат жасайды.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі