Тұңғыш Президент күніне орай Ақтөбе облысында екі мектеп пайдалануға берілді

30 қараша, сенбі күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Ырғыз ауданына жұмыс сапармен барды. Ауданға қарасты Шеңбертал, Жаныс би ауылдарында 100 орындық мектеп пайдалануға берілді. Аймақ басшысы жаңадан бой көтерген мектептердің ашылу салатанатты шарасына қатысып ауыл тұрғындарын Тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңында пайдалануға берілген білім ошағының ашылуымен құттықтады
"Елбасымыз өскелең ұрпаққа заман талабына сай сапалы білім алу үшін барлық тиісті жағдай туғызу керек деген болатын. Осыған орай біз балалардың сапалы білім мен тәрбие алуы үшін бар мүмкіндікті жасап жатырмыз. 2019 жылы 10 мектеп пайдалануға берілді. Облыста балабақша саны да күн санап артып келеді. Аудан орталығында 100 орындық интернатымен 300 балалық мектеп салынуда.Тұңғыш Президент күні қарсаңында есігін айқара ашып отырған жаңа мектеп тағы да баршаңызға құтты болсын",-деді өңір басшысы.
Оңдасын Оразалин білім басқармасының басшысы, аудан әкімі, мектеп директорымен мектептердің ішін аралап асхана, спорттық зал, компьютерлік, лингафон класстарының жұмысын көрді.
Пайдалануға берілген білім ошақтары заманауи үлгіде салынған. Оқушыларға қажетті құралдармен жабдықталған.Қысқы мезгілде дизель отынымен жылу беріледі. Облыс әкімі облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваға аталған мектептерді сапалы интернет жүйесімен қамтамасыз ету мәселесін шешуді тапсырды.
Аймақ басшысы бұдан соң Құрылыс ауылы Қызылжар ауылдық округіне ат басын бұрды. Мәдениет үйінде ауыл тұрғындарымен кездесті. Аудан әкімі Аққанат Шахин ауданда атқарылған жұмыстарды айтып өтті.
Тұрғындар ауылға ауыз су, көгілдір отын кіргізу қажеттігін, сонымен қатар, Қызылжар ауылының маңынан су бөгетін салу мәселесін көтерді.
Облыс әкімі Жаныс би ауылында ауыл ішілік газ құбыры құрылысы аяқталып жатқандығын жеткізді.2020 жылы пайдалануға берілетін болады.
"ҚР Үкімет басшысы Асқар Маминнің облысқа жасаған іс-сапары кезінде өңірдің ауылшаруашылық даму потенциалын жоғары бағалап,егін шаруашылығын су көздерімен қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырмалар берген болатын. Облыс көлемінде бөгеттер салу басқа да жұмыстар жүргізіледі. Аталған мәселе бойынша орынбасарым Аманғали Бердалин нақты айналысатын болады",- деді облыс әкімі.
Өңір басшысы Оңдасын Оразалин азаматтарды жеке қабыладады. Құқығын қорғау, жұмыссыздық, жалақыны уақытында өндіріп беру, сонымен қатар ауыл жастарына жағадай жасау, спортпен шұғылдануға арналған алаңды жөндеуден өткізіп спорттық орындар санын арттыру мәселелері көтерілді. Жеке шағымдарын айтушылардың сауалдары бойынша тиісті мамандарға ыждағаттап шешуді тапсырды.
Оңдасын Оразалин сондай-ақ, Қарақұдық ауылындағы кәсіпкер Хамит Өтеуұлының «Алтын-Әсел» ЖШС-қой қырқу пунктінің, және Батыс Европа Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізі бойында орналасқан "Ұлы Дала" кэмпинг жұмысымен танысты.
480 ш/м аумақты алатын қой қырқу орны 2017 жылы ашылған. Биылдың өзінде 17 тонна қырқылған жүнді ақтөбелік кәсіпкерлерге өткізген. Ал, өткен жылы іске қосылған кэмпингте 8 орынға арналған қонақ үйі, дәмхана, дүкен жұмыс жасайды. Кәсіпкер болашақта кэмпинг жұмысын одан әрі дамытуды жоспарлап отыр. Кэмпинг маңынан газ құю бекетін, көлік жөндейтін орын ашпақ. Облыс әкімі кәсіпкердің жұмысына сәттілік тіледі.
Оңдасын Оразалин жұмыс сапарының соңында аудан әкімі Аққанат Шахинға жолдарды жөндеуді, газ, ауыз- су, және интернет желісін енгізу мәселелерінің тез арада шешілу жолдарын қарастыруды тапсырды. Сондай ақ ауыл тұрғындарына кәсіп ашып, ауылшаруашылық саласын дамытуға ат салысу қажеттігін айтты.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі