Төтенше жағдайларды алдын алу және жою жөніндегі комиссияның отырысы өтті

Ақтөбе облысы әкімдігінде аймақ басшысының қатысуымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссия отырысы өтті.

Жиында биылғы жылы суға шомылу маусымын өткізуге жергілікті атқарушы органдардың дайындығы мен әзірлігі, 2019 жылы өрт қауіпті кезеңде облыс аумағында табиғи өрттердің алдын алу және жою шараларына дайындығы, қыс мезгілінде кездесетін мәселелер мен су тасу мерзімдері жұмыстарының нәтижелері, оны шешу жолдары талқыланып, жауапты мамандар баяндама жасады.

ТЖД бастығының орынбасары Қайрат Қасымның айтуынша, аймақта суға кететіндер саны төмендеген. Коммуналдық жағажайлар санының артуы және жергілікті атқарушы және өкілетті органдардың, ПД мен ТЖД жағажайларда қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша бірқатар алдын алу іс-шараларын өткізу нәтижесінде 2018 жылы 2017 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда суға кеткендердің 31,8% - ға (22-ден 15 адамға дейін) азайғаны байқалған. Өткен жылда орын алған жазатайым оқиғалардың талдауы нәтижесінде, суға батудың себептері жүзе білмеу және шомылушылардың абайсыздығы, ересектердің немқұрайлылығы, яғни балаларды қараусыз қалдырулары себеп болған.

Табиғи өрттердің алдын алу және жою шараларына дайындық бойынша, жергілікті атқарушы органдар мен азаматтық қорғау қызметтерінің 821 бірлік бейімделген техникасы, 20 бірлік өрт сөндіру техникасы, 5 бірлік өрт сөндіру поездары және үш мыңнан астам (3055) жеке құрамы дайындыққа келтірілген.Сондай-ақ, елді мекендерде саны 2900 (2936) адамнан асатын 340 ерікті өртке қарсы құралымдар құрылған. Олар дала өрттерi мен елдi мекендердегі өрттерді сөндіру және алдын алу, сондай-ақ халықты өрт қауіпсіздігі шараларына және өрт туындаған кездегі іс-қимылдарға үйретеді. «Облыс аумағын табиғи өрттерден қорғау үшін 4600 шақырымнан астам минералдандырылған жолақтарды орнату жұмыстары жүргізілуде, (632,2 км. немесе 31% жыртылды) және минералданған жолақтарға күтім жасалуда (3052 км. немесе 14,6%)», -деп мәлімдеді ТЖД бастығының орынбасары А.Төлешев.

Ақтөбе облысының ТЖД-нің бастығы Бауыржан Сыздықовтың мәліметінше, облыстың автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 6 945 шақырымды құрайды. Облыстың автомобиль жолдарында ұзындығы 987км болатын 154 қар сорғыш учаске бар, олардың 65 учаскесі республикалық (521 км), 25 облыстық (225 км) және 64 аудандық (241 км) жолдарда орналасқан. Республикалық маңызы бар жолдардың негізгі бағыттарына қызмет көрсетумен айналысатын «Қазақавтожол» ЖШС филиалында қар тазалау техникасының жетіспеушілігі жыл сайынғы проблема болып отыр, оларда 78 бірлік болған, бұл норматив (133) 58,6% - ды құрады, бұл ретте 55 бірлік (70,5%) техникалары 10 жылдан астам пайдаланылған.

ТЖД өкілдерінің баяндамасынан соң, аймақ басшысы жиынды қорытындылады. Облыс әкімі аталған кемшіліктер бойынша, тиісті шараларды қабылдап, алдағы қыста мұндай мәселелерді болдырмау керектігін айтты. Сонымен қатар, шомылу маусымында, және өртке қарсы күресті барынша күшейтіп, шомылуға болмайтын аймақтарға белгілер салып, тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын қарқынды жүргізуді тапсырды.