Хромтау ауданындағы сегіз жетім баланың есепшоты 12 млн теңгеге толықты

Все рабочие поездки акима
Сәрсенбі, 4 Шiлде, 2018

Ақтөбе облысында «Бақытты бала» жобасын жүзеге асыру жалғасып жатыр.

Соның аясында балалық шақты қолдау және балаларды дамытудың теңдесі жоқ шаралары қабылдануда. Соның ішінде ата-ана қамқорынсыз қалған жетім балаларды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары күшейтілді. Осы мақсатта жыл басынан бері балалардың ТҚЖБ-дегі жинақ шоттары 71,2 миллион теңгеге толықты. Отыз жетім баланың ендігі өз баспаналары бар.

4 шілде, сәрсенбі күні Астананың мерейтойы мен Дөң тау-кен байыту комбинатының 80 жылдығын мерекелеуге орай тағы 12 млн теңге Хромтау ауданында қамқоршысымен бірге тұрып жатқан сегіз баланың шотына аударылды.

Балаларға сертификаттарды Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен ERG менеджерлер кеңесінің төрағасы Александр Машкевич тапсырды.

- Біздің болашағымыз – балалар. Кез келген қоғамда, кез келген мемлекетте оларға көп көңіл бөлінеді. 27 жылдың ішінде Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық жастардың лайықты білім алып, мәдени деңгейі, білімі, денсаулығы жөнінен өзге елдердегі қатарластарынан қалмас үшін барлығын жасады. Назарбаев зияткерлік мектебін, Назарбаев университетін ашу, «Болашақ» бағдарламасы – осының бәрі балаларымыз үшін, - деп атап өтті облыс әкімі өзінің құтттықтау сөзінде.

Бердібек Сапарбаев сондай-ақ, ERG атынан келген Александр Машкевичке әлеуметтік жауапкершілігі үшін алғыс айтты. Ол «Қазхром» ТҰК» АҚ қаражаты есебінен Ақтөбеде тұңғыш рет Шығармашылық академиясы тұрғызылғанын еске салды, бүгінде 7 мыңға жуық ақтөбелік бала түрлі секциялар мен үйірмелерге барып жүр.

Бұдан кейін өңір басшысы мен «Еуразиялық топ» менеджерлері кеңесінің төрағасы қайта жаңғыртылған «Кенші» аллеясының ашылуына қатысты. Аллеяның басты көркі жаңартылған екі субұрқақ болды. Құны 42, 9 млн теңге болатын жұмыстар «Туған жерге тағзым» акциясы аясында орындалған.

- Бүгін мен осында бірнеше себеп бойынша болғаныма өте қуаныштымын, алдымен біз елордамыз Астананың 20 жылдығы мен дүние жүзін хром рудасымен қамтамасыз етіп отырған Дөң тау-кен байыту комбинатының 80 жылдығын атап өтудеміз. Еліміздің қалай өзгеріп, нығайып келе жатқанына, Ақтөбе облысының, Хромтаудың қалай өзгергеніне қараңыз. Елбасымызға рахмет, осы өзгерістердің барлығы да соның арқасында, елді алға жетелеп келе жатқан сол, - деп атап өтті Александр Машкевич аллеяның ашылу салтанатында.

- 24 жыл бұрын Хромтауға келгенім есімде. Ол кезде басқа қала болатын. Ал бүгін біз Хромтауда 120 пәтерлі жаңа үйді пайдалануға бердік, Дөң ауылындағы жаңа мектептің ашылуында болдық, және бір айтқым келетіні: біз оқыған кезде тіпті Алматының үздік аудандарында да мұндай мектеп болмаған, - деді ERG менеджерлері кеңесінің төрағасы сөзін жалғастырып.

         Осында аллеяда Бердібек Сапарбаев пен Александр Машкевич «Бақытты бала» балалар суреттерінің көрмесін қарап шықты. ДТКБК қызметкерлерінің балалары қатарындағы жас суретшілер 30 картинаны ұсынды. Кәсіпорынның көп балалы алты отбасына ноутбуктер тарту етілді.

         Бұдан басқа, облыс әкімі мен ERG менеджерлер кеңесінің төрағасы Хромтау ауданына сапары кезінде Хромтау қаласындағы «Кенші» орталық стадионының тұрмыстық корпусының құрылыс барысымен танысты. Құрылыс жұмыстарын Дөң КБК қаржыландырады. Сондай-ақ, биыл облыс әкімдігі мен «Еуразиялық топтар» арасындағы әлеуметтік жауапкершілік туралы меморандум аясында «Кенші» стадионының өзі де айтарлықтай жаңғыртылмақ. Күрделі жөндеу жұмыстары кезінде стадионға футбол ойнау үшін заманауи жасанды жабынды төселеді, дыбыс жүйесі мен Led-экрандар орнатылады. Осы мақсатқа 2018 жылы 200 млн теңге аударылады. Осы жобаларды жүзеге асырудың арқасында бірінші лиганың «Ақтөбе-Жас» футбол командасы толыққанды жеке жаттығу базасына ие болады.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі