ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен келді

23 шілде күні экология министрі екі күндік жұмыс сапары аясында Ақтөбе ферро-қорытпа зауытындағы №4 балқыту цехтың жұмысымен танысып, оған ферроқорытудың заманауи әрі экологиялық өндірісінің жұмысы көрсетілді, кәсіпорынның табиғатты қорғау жобалары жайында баяндалды. №4 цехтың бүкіл өндірістік процесі барынша автоматтандырылған және қоршаған ортаға тигізер әсері аз.
Министр компания басшылығының назарын №1, 2 цехтардың қалдықтарды төгуін 30%-ға азайтып, қалдықтарды тиісті түрде кәдеге жаратудың жедел шараларын қабылдау қажеттігіне аударды. Кейін Мағзұм Мырзағалиев облыстың су шаруашылығының жағдайын, ирригациялық инфрақұрылымды құру және жаңғырту жұмыстарының барысын білді.
Атап айтқанда, Мәртөк ауданында ол «Милкер» ЖШС-нің суармалы алқаптары мен «Рад-Агро» ЖШС-нің пайдалануға берілген «Тұрақты суармалаудың сыртқы инфрақұрылымын қалпына келтіру» нысанын қарап шықты.
Аталмыш ауданға сапары соңында министр: «Сіздерде бұл жұмыстың оң тәижесі бар: шаруалар жаңа жерлерді игеріп, жоғышқа түсімін жинауды ұлғайтып жатыр (бір жылда төрт рет жинап алды), шикізатты қайта өңдеп, экспортқа шығаруда. Сондай-ақ, сүт-тауарлы ферманы да дамыту жоспарда бар. Алда өңірдегі суармалы жерлерді 32 900 гектардан 69 967 гектарға дейін әрі қарай ұлғайту міндеті тұр»,- деп атап өтті.
Қарғалы су қоймасында су торабын қарап шығып, сумен қамтамасыз етуді жақсарту үшін су қоймасы құрылысын қалпына келтіруге қатысты проблемалық сұрақтар талқыланды.
24 шілде күні Мағзұм Мырзағалиұлы көлдетіп суару жүйесін реконструкциялау жобасы жүзеге асырылып жатқан Қобда ауданында болды.
Бүкіл ауыл шаруашылығы дақылдарының түсімін айтарлықтай арттырып, өңірді арзан жем-шөппен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ауқымды жоба Қобда, Темір, Ойыл аудандарында
жүзеге асырылуда.
Қобда ауданының Жиренқопа ауылдық округінде министр 3631 гектар алқаптағы «Ақбалшық» көлдетіп суару жүйесін реконструкциялау жұмыстарының барысымен танысты. Мұнда қолданыстағы бөгеттерді, жағалаулар мен суды реттейтін құрылыстарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жоба құны – 960 млн теңге.
Облыс әкімі Оңдасын Оразалин жобаны жүзеге асырудың жоғары әлеуметтік-экономикалық қайтарымы барын жеткізді.
Өңір басшысы: «Алдымен, қосымша жұмыс орындары құрылып, көлдетіп суару жүйесінің алқаптары ұлғаятын болады. Бұдан түсім артып, жалпы, мал және ауыл шаруашылықтары дамиды. Нысандарды келесі жылдың тамыз айында тапсыру жоспарланған. Бірақ біз сонша ұзақ күте алмаймыз. Жарын шаруалар нәтижесін көру үшін жұмысты биыл бітіру керек», - деп тапсырды.
Сапар соңында министр облыс әкімдігінде өткен жиынға қатысты. Онда жұмыс сапарының нәтижесі талқыланып, өңірдегі эколгоиялық ахуалды жақсарту, ірі жобаларды жүзеге асыру бойынша өзекті сұрақтар көтерілді.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі