Үкімет делагциясы ақтөбелік жастармен кездесті

ҚР Премьер- Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған жұмыс тобы  түстен кейін Ақтөбе облыстық медициналық орталықтың жұмысымен танысып, денсаулық саласының  қызметкерлерімен кездесті.

2017 жылы  пайдалануға берілген медициналық мекеме Ақтөбе өңірінің тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетіп келеді. Соңғы  технологиялық жабдықтармен қамтылған. Дәрігерлермен кездесу барысында ҚР Денсаулық сақтау  министрлігінің Жауапты хатшысы Ботагөз Жақселекова  медициналық кластерді дамыту және міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыруды енгізу жөнінде, 2020 жылдың  қаңтар айында енгізілетін   жаңа өзгерістер жайын баяндады. Бердібек Сапарбаев халықтың дәрі- дәрмекпен толық қамтамасыз етілуі, бағасының тұрақтылығын бақылауды ұстау қажеттігін айтты.
Үкімет басшысының орынбасары  бұдан соң  Ақтөбе  облысындағы  ірі кәсіпорындардың басшылары, кәсіподақ ұйымдарының өкілдері мен мемлекеттік органдардың басшыларымен кездесіп, бизнестің  әлеуметтік жауапкершілігі, жалақы бойынша берешектер, еңбек қатынастарын реттеу мәселесі талқыланды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов еңбек қатынасы қоғам тұрақтылығына тікелей себеп болатын жайт екенін жеткізді.  «Еңбек туралы заң мемлекет, жұмыс беруші тарап, және жұмысшылар арасындағы қарым-қатынасты қарастырады. Барлық сұрқатарға  берілетін жауап толыққанды көңілге қонымды болуы тиіс, жалақының уақытылы төленуін жұмыс беруші қамтамасыз етуі тиіс,оның іске асуын мемлекет қадағалайды. Еңбек инспекциясы  10 айда  5 млрд теңгенің уақытылы  өтелуін қамтамасыз етіп, 37 мың жұмысшының арыз-өтініштерін қараған»-деді министр.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында Үкіметке еңбекақы төлеу қорын арттыру үшін жұмыс берушілерді ынталандыру мәселесін пысықтауды тапсырған. Облыста 2019 жылдың басынан бері 164 ірі және орта кәсіпорындардың 118-і   51,2 мың қызметкердің жалақысын орташа 15% - ға арттырды.Бүгінгі күні 249,3 млн. теңге сомасында берешегі бар   15 кәсіпорынның 123,6 млн. теңге сомасында берешегі өтелді»,-деп атап өтті Оңдасын Оразалин.
Бердібек Сапарбаев,  ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр  Есин және аймақ басшысы  Оңдасын Оразалин  ақтөбелік  жастармен кездесті. Жиында  мүмкіндігі шектеулі бола тұра  қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып  жүрген «Алаш» қоғамдық ұйымының төрағасы Әлібек Елеусізов,  "Қызыл жарты ай" қоғамының Ақтөбе облыстық филиалының  координаторы Ералхан Дияров, жас кәсіпкер Абыз Берік, және тағы да басқа  белсенді жастар өз тәжірибелерімен бөлісіп мемлекет  тарпынан көрсетіліп жатқан қолдаулар үшін алғыстарын білдірді. Және  замандастарын жалқаулықтан арылып еңбек етуге, білім алып ізденуге шақырды.
Астаналық делегация облыс әкімдігінде  қала, аудан әкімдерімен  кездесіп әлеуметтік еңбек саласына қатысты  жиын өткізді. Үкімет басшысының орынбасары сенбі күнгі жұмыс-сапарын  Мұз сарайында өткен Ақтөбе-Алматы хоккей командалары  арасында өткен тартысты ойынды тамашалаумен қортындылады.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі