Әйтеке би ауданына жұмыс сапары

Все рабочие поездки акима
Сенбі, 2 Ақпан, 2019

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өткен сенбі, 2-ақпан күні жұмыс сапарымен Әйтеке би ауданында болды.
Өңір басшысы жұмыс сапарында Комсомол ауылының әлеуметтік нысандарын аралады. Аймақ басшысына көргендері ұнамады.
Алғашқы нысан 1974 жылы салынған көпсалалы колледж болды. Облыс әкімі колледж директоры Асылбек Қанымбаевқа оқу корпусының сыртқы келбетінің нашарлығына байланысты ескерту жасады.
 «Тым болмаса ғимараттың кіре берісін ретке келтіруге болмаспа еді? Бұл дегенің айтарлықтай шығынды талап етпейді. Ең болмағанда бояп қоюға да болады», - деді Бердібек Сапарбаев.
Сонымен қатар, колледж директоры оқу орнының материалдық базасының нашарлығы мен онда білім алатын жаңа буынға оқу құралдарының болмауына байланысты да ескерту алды.
Облыс әкімі аудандық орталық аурухананың «ДамуМед» ақпараттық медициналық жүйесінің жұмыстарымен танысты. Емхананы аралап, емделушілермен әңгімелескен Бердібек Сапарбаев, ауруханаға келушілердің электрондық төлқұжаттарының бар-жоғын сұрады.
Аудандық орталық аурухана аумағын аралау кезінде аудан әкімі Мәлімбет Ибрашов Бердібек Сапарбаевқа бос тұрған екі ғимаратты тұрғын үйлер үшін қайта құрып, жас мамандарға пәтер ретінде беру жоспарда бар екендігін айтып өтті.
Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде болды. Мұндағы тәрбиеленушілер республикалық және халықаралық жарыстардың бірнеше рет жүлдегері атанып жүр. Облыс әкімі жас спортшылармен тілдесіп, спортта жақсы нәтижелерге жетулерін тіледі және оларды жыл соңына дейін ауданда дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің салынатындығын хабарлап қуантты.
Комсомол ауылындағы жалпы білім беретін орта мектеп 1962 жылы салынған. Қазіргі таңда мұнда 225 бала оқиды. Бұл мектептің оқушылары түрлі байқаулардан жүлделі орын алып жүрген болса, ал хоккей командасы өткен жылы шайбалы хоккейден ауданаралық жарыстың жеңімпаздары атанды. Оқушылардың саны жыл сайын артып келеді. Соған қарамастан, облыс әкімі атап өткендей ғимараттың тозығы жетіп, жөндеу жұмыстары да нәтижесін бермей отыр. Сыныптарды аралап, мұғалімдермен және оқушылар қауымымен сөйлескен Бердібек Сапарбаев бұл мәселенің шешімін табатындығына уәде берді.
Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев 1953 жылы салынған 8 пәтерлі екі қабатты үйді қарап шықты. Бүгінде газы мен суы жоқ бұл үй аппатты жағдайда. Облыс әкімі пәтерлерді аралап, ондағы тұрғындармен сөйлесті, жалақылары мен жылуға төлейтін шығындарын сұрады.
Бердібек Сапарбаев: «Шынымды айтайын, ауданда осындай жағдайда тұрған үйдің барын бірінші рет көріп тұрмын. Сіздердің бұл мәселелеріңізді міндетті түрде шешіп, жақсы тұрғын үйге көшіреміз деп сендіремін», - деп уәде берді.
Аудан әкімі Мәлімбет Ибрашовтың аудандық мәдениет үйінде өткен тұрғындармен есептік кездесуі кезінде ауданның былтырғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. Баяндамадан кейін аудан тұрғындары көшелерді асфальттау, несие беру және тағы да басқа толғандырып жүрген сұрақтарын қойды.
Облыс әкімі есептік кездесуді қорытындылай келе, Әйтеке би ауданының облыс аудандарының рейтингінде соңғы орында тұрғандығын атап өтті.
«Неге бұлай болды? Неге аудан әкімдігінің алдындағы көше жыл бойы нашар жағдайда тұр, бұл сіздердің аудандарыңыздың айнасы емес пе? Теміржолдан аудан орталығына дейінгі жол не себепті жөнделмеген, ол үшін осыдан екі жыл бұрын 180 миллион теңге бөлінген жоқ па? Бұрындары бұл ауданда 480 мың гектар жер егілсе, ал қазір бар-жоғы 216 мың. 90-жылдары ауданда 53 мың ірі қара мал басы болса, бүгінде олардың саны 40 мыңға әрең жетеді. 200 мыңнан астам қой болған болса, қазір олардың саны 100 мыңнан әрі аспайды. Мал басын көбейту жұмыстары нашар жүргізілуде», - деді аудан әкіміне ескерту жасаған Бердібек Сапарбаев.
Облыс әкімі Мәлімбет Ибрашовқа суармалы жерлердің көлемін, мал басын арттыруды, ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес түрлерін дамытуды тапсырды. Өңір басшысы аудан әкімінің өткен жылғы жұмыс нәтижелерін  қанағаттанарлықсыз деп бағалады.