Өңір басшысы мереке қарсаңында азық-түлік бағаларының қымбаттамауын тапсырды

30 желтоқсан,  дүйсенбі  күні  Ақтөбе облысының  әкімі  Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен  аппарат отырысы өтті.  Облыс әкімінің орынбасарлары, қала, аудан әкімдері, басқарма басшылары қатысқан жиында бірнеше  мәселелер талқыланды.
Мәселен, аймақтағы  экономикалық көрсеткіштер бойынша  көтерме және бөлшек сауданың жоспарланған өсу қарқынына қол жеткізбеу қауіпі бар. Жоспар  бойынша 104% болса,   болжам  102,5%  құрап отыр. Облыс әкімі  кәсіпкерлік басқармасы басшысының м.а. Гүлшат Берқалиеваға Ақтөбе қалалық әкімдігі кәсіпорындарымен бірлесіп жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізуді қамтамасыз ету керектігін тапсырды.
Сонымен қатар, мереке күндеріне  байланысты  әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының және жанар-жағармай бағаларының қымбаттап кетпеуін қадағалауда ұстау қажеттігі айтылды.
«Мейрамға қарсы бағалардың  шарықтамауы қамтамасыз етілсін, инфляцияны республикалық мәннен жоғары емес деңгейде ұстау қажет»,-деп атап өтті Оңдасын Оразалин.
Сондай-ақ,  аймақ басшысы  төтенше жағдайлар департаменті бастығының м.а. Асқар Төлешовке  мейрам күндері қауіпсіздік шараларын күшейтуді, яғни  өрт қауіпсіздігі, тайғақ жолдарға құм, тұздардың себілуін қамтамасыз етуді тапсырса, ІІД басшысының бірінші орынбасары Қанат Әлиевке жол-көлік қозғалыстарын реттеу, қоғамдық орындарда азаматтардың қатаң тәртіп сақтауын қадағалауы керектігін айтты.
«Ауа райының күрделі жағдайларын ескере отырып, жолдардағы автокөлік қозғалысының қауіпсіздігі  жолдар мен  тротуарларды қар мен мұздың жиналуынан уақытылы тазалап, қазандық және май құю станцияларының отын қорымен қамтамасыз етілуін  бақылауда ұстаңыздар» ,-деді өңір басшысы.
 
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі