FlyArystan лоукостері Нұр-Сұлтан-Ақтөбе-Нұр-Сұлтан бағыты бойынша алғашқы рейсін орындады

28 ақпан, жұма күні Fly Arystan лоукестерінің Нұр-Сұлтан-Ақтөбе бағыты Ақтөбе халықаралық әуежайына  алғашқы рейсі ұшып келді. Алғашқы рейс жолаушыларының ішінде облыс әкімі
Оңдасын Оразалинде болды. Компания қызметін пайдаланған аймақ басшысы ақтөбеліктерді   жаңа бағыттың ашылуымен құттықтады.
"Өткен жылдан бастап, Ақтөбе халықаралық әуежайы коммуналдық меншікке, яғни жергілікті атқарушы органдардың құзіретіне өткен болатын. Содан бері қайткенде де тұрғындарға жағдай жасап, әуежайдың қызметін кеңейту жөнінде жұмыстар басталып кетті",- деді облыс әкімі.
Бұдан былай заманауи Airbus A320 әуелайнерлері екі қала тұрғындарын байланыстырып, аптасына 4 рет – сейсенбі, бейсенбі, жұма және жексенбі күндері қатынайтын болады. Flyarystan.com сайтында біржақты билет құны 7999 теңгеден басталады және де олар 2020 жылдың 25 қазанына дейін орындалатын рейстерге қолжетімді.
Нұр-Сұлтан қаласынан кейін, 20 сәуірден бастап Ақтөбе облысының бас шаһарына оңтүстік астана тұрғындары қатынай алатын болады. Бұл бағыт бойынша сапар шегудің минималды құны 11 999 теңге болмақ. Алматыдан 180-орынды ұшақтар аптасына 3 рет ұшады – дүйсенбі, сәрсенбі мен сенбі күндері.
  Естеріңізге сала кетсек, 2019 жылдың қыркүйегінде Эйр Астана президенті Питер Фостер мырза Ақтөбе облысының әкімі Оразалин Оңдасынмен кездесіп, Халықаралық Ақтөбе әуежайын бекет ретінде қарастыру туралы екіжақты қызығушылық танытты. Ал бүгін облыс басшылығы Нұр-Сұлтан қаласынан КС7391 рейсімен елге оралып, бюджеттік компания қызметін алғашқы жолаушылардың бірі ретінде пайдаланып көрді.
 
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі