Мемлекеттік рәміздер

Б.Сапарбаев: Мемлекеттік рәміздерді қолданғанда заң бұзушылықтарға жол беруге болмайды

 

Ақтөбе облысының әкімдігінде облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия отырысы болып өтті. Оған Ақтөбе қаласы мен аудандардың әкімдері, қалалық және аудандық ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, колледждер мен мектеп директорлары қатысты.

Комиссия алдында Байғанин және Мәртөк аудандары әкімдіктерінің өкілдері, сонымен бірге Ақтөбе облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Руслан Бегімбетов баяндама жасады.

Мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия мүшелері аталған аудандарда ондаған заң бұзушылық анықтапты. Мемлекеттік рәміздерді орналастыруда бекітілген стандарттар сақталмаған, қараңғы мезгілде мемлекеттік кәсіпорын ғимараттарында туға жарық түсіру тәртібі сақталмаған. Сонымен бірге, тексерілген бірқатар мекемелерге мемлекеттік рәміздердің сыртқы келбетіне қатысты ескерту жасалды, мемлекеттік рәміздердің сырты лас, тозығы жеткен болып шықты.

Білім беру нысандарындағы мемлекеттік рәміздерге қатысты сын-пікірлер айтылды. Жоғары оқу орындары мен колледждерде, сонымен қатар көптеген мектепте мемлекеттік рәміздерді орналастыру стандарты бұзылған.

- Мемлекеттік органдар тарапынан, әсіресе білім беру мекемелерінде мемлекеттік рәміздерге мұндай қарым-қатынасқа жол берілмеу керек. Балабақшалар мен мектептерде, жоғары оқу орындарында өскелең ұрпақтың бойында отанға, ту, елтаңба, әнұранға деген махаббат және патриоттық сезім қалыптастыру керек, - деп ескертті Бердібек Сапарбаев.

Мұндай заң бұзушылықтар облыстың басқа аудандарында да кезігеді. Әкімнің айтуынша, мамыр айының алғашқы онкүндігіне дейін олқылықтардың орнын толтыру керек. Сонымен бірге, жауапты адамдарға 2016 жылдың 1 шілдесіне дейін барлық мемлекеттік рәмізді қолданыстағы стандартқа сәйкестендіру тапсырылды.

  - Біз үшін биыл ерекше жыл. Республика тәуелсіздігінің 25 жылдығын тойлаймыз. Ақтөбе облысында осыған орай мемлекеттік рәміздер кеңінен қолданылатын жүздеген ауқымды шара өтеді. Біз мемлекеттік рәміздердің бекітілген стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз етуіміз керек, мемлекеттік рәміздер мен оларды қолдану бойынша жұмыстарды күшейтуіміз керек, - деді Бердібек Сапарбаев.

 

«Ақтөбе ақпарат»

Тел: 8/7132/413254

e.mail: infocentre@akto.kz