Ұшқыш-ғарышкер Айдын Әйімбетов

Ұшқыш-ғарышкер Айдын Әйімбетов Ақтөбеде ғарыш апталығының ашылуына қатысты

Ақтөбеге екікүндік сапармен ұшқыш-ғарышкер Айдын Әйімбетов келді. Т.Бигельдинов атындағы ӘҚКӘИ, физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебін аралап, оқып жатқан жастармен бірнеше кездесу ұйымдастырды. Сонымен бірге ғарышкер Алға ауданының жастарымен кездесті. Назарбаев зияткерлік мектебінде құрметті қонаққа оқу кабинеттеріне экскурсия ұйымдастырылды, оны шығармашылық және ғылыми-зерттеу жұмыстар көрмесімен таныстырды.

Ұшқыш-ғарышкерді 8 сынып оқушысы Ләззат Данаева әзірлеген электромагнитті толқынның көмегімен ғарыш аппараттарын ұшыру жөніндегі жобалар қызықтырды. Мектеп оқушысының айтуынша, мұндай технологиялардың болашағы зор, электромагнитті толқындарға қатысты жобалар экономикалық тұрғыдан ғана тиімді емес, сонымен қатар экологиялық жағынан қауіпсіз. Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушыларының ғылыми жобаларымен танысқан Айдын Әйімбетов олардың білімі мен оқуға деген құлшынысына таңданысын білдірді.

- Ғарыш саласының потенциалы зор. Соңғы уақытта жер орбитасы маңында түрлі тәжірибелер жүргізіп қана қоймай, таяу 15-20 жылда айға ғарыштық сапарды жандандыру, планеталар арасында ұшу секілді мәселелер көтеріле бастады, - деп атап өтті қазақстандық жастардың таланты мен білімі Қазақстандағы космонавтиканың дамуының негізгі құрамы болуы керектігін жеткізген Әйімбетов.

Балаларға болашақта табыстар тілеген ғарышкер-ұшқыш мәжіліс залында балалардың сұрақтарына жауап берді.

Назарбаев зияткерлік мектебінде болған Айдын Әйімбетов адам баласының ғарышты бағындыра бастауына 55 жыл толуына орай ұйымдастырылған Ғарыш апталығының ашылу салтанатына қатысты. Шара Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында өтті. Айдын Әйімбетовтің пікірінше, мұндай шаралар заманауи космонавтиканың жетістіктерін паш ету үшін, демек, осы саланың одан әрі дамуы үшін қажет.

«Ақтөбе ақпарат»

Тел: 8/7132/413254

e.mail: infocentre@akto.kz