Ақтөбе облысының әкімі жер телімдерін жеке тұрғын үй құрылысына беруді тездетуді тапсырды

Облыс әкімі Б.Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңейтілген мәжілісте бірқатар мәселелер қаралды. Қаланың сәулет келбеті, облыстағы тұрғын-үй құрылысына бөлінетін жер учаскесі бойынша атқарылған жұмыстар және мемлекеттік мекемелердің автокөліктерінің газға ауысуы мен көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысы талқыланды.

Қаланың сәулет келбеті мен салынатын нысандардың құрылысымен танысқан аймақ басшысы ең алдымен құрылыс нысандарын салмастан бұрын «Қалалық сәулет кеңесінің» құрамын сол саланы жетік меңгерген мамандардың енгізу қажеттігін айтты. Облыстық құрылыс және сәулет басқармасы мен қалалық және аудан әкімдіктері архитекторлармен және кеңес құрамымен бірлесе жұмыс істеу керектігін айтты. Сондай-ақ Сазды өзенінен қаланың орталық көшелері арқылы өтетін орталық саябаққа дейін жалғасатын суағарлар салуды қала әкіміне тапсырды.Себебі суағарлар арқылы көшеттер мен ағаштарды суару тиімді.

- Қаладағы автокөлік қозғалысы қарқынды учаскелердегі жол-көлік оқиғаларын азайту үшін осы заманғы жер үстіндегі жаяу жүргіншілер өткелдері керек. Мұндай өтпелдердің кем дегенде орталық көшелерге 2 немесе 3-ін салу қажет. Қала әкімдігіне биылдан қалмай өткелдерді салуды тапсырамын, - деді Б.Сапарбаев.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев құрылыс және сәулет басқармасы, дене шынықтыру және спорт басқармасы басшыларына осы жылы аудандарда дене шынықтыру және сауықтыру кешендерін көбейтуді тапсырды.

Жер қатынастары басқармасы басшысы Қабай Сәрсенғалиевтың мәлімдеуінше, облыс бойынша жер учаскесін алу үшін 133 547 өтініш тіркелген.

- Жер учаскелерін берудің мүмкіндіктерін анықтауымыз керек. Пайдаланылмай тұрған жерлерді кезекте тұрғындарға беруіміз қажет, – деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар басқарма басшысына аудандарды аралап, пайдаланылмай тұрған жерлерді анықтап, жер беру мәселесін шешуді тапсырды.

- Биылғы жылы шілде айына дейін мемлекеттік мекемелердің 862 қызметтік  автокөлігін газға ауыстыру жоспарлануда. Наурыз айына жоспарланған 236 автокәліктің  190-ы ауыстырылған. Себеп - мемлекеттік сатып алу бойынша конкурстың уақытылы болмауы және қаражаттың тиімді бөлінбеуінен, - деді жолаушылар көлігі басқармасының басшысы.

Өңір басшысы өз сөзінде «біз өзгелерге үлгі болуымыз қажет, ең алдымен мемлекеттік мекемелердің қызметтік көліктері газ пайдалану қажет. Себебі, қаражат үнемделеді» деді.

Облыс бүгінгі күнге дейін дәнді дақыл тұқымдармен толық қамтамасыз етілген. «ҚазАгрЭкс» АҚ Ақтөбе филиалының тексерісінің қорытындысына сәйкес, егілетін дәнді дақыл кондициялы. Алайда, І-ІІ кластан төмен тұқымның болуы облыс басшысының ашуына тиді. Б.Сапарбаев тұқым таңдауға жауапкершілікпен қарау керегін жеткізді.

 

 

     «Ақтөбе ақпарат» орталығы

Тел: 413254

e.mail: infocentre@akto.kz