Бердібек Сапарбаев сенбілікке шықпаған ақтөбеліктерді ұялтты

Бүгін Ақтөбе облысында өткен сенбілікке облыс тұрғындары белсенді түрде қатысты. Мемлекеттік орган, облыстық мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ЖОО студенттері мен мектеп оқушылары, т.б. бір кісідей қатысып, белгіленген учаскелерде талдарды әктеп, шөптерін жұлып, тұрмыстық қатты қалдықтарды жинады.

Сенбілік барысын облыс әкімінің өзі қадағалап шықты. Бердібек Сапарбаев жол бойында орналасқан бірнеше шағын кәсіпкерлік нысандарына ескертпестен кіріп барды. Олардың жұмысымен танысқан облыс басшысы меншік нысанына қарамастан, ортақ үй – Ақтөбе қаласының тазалығына ірі компаниялармен қоса, шағын бизнес өкілдері де бірауыздан қолдау танытып, белсенді түрде қатысулары керек деп атап өтті.

- Жасыратыны жоқ, тазалық акцияларына шықпаған кәсіпорындарға шара қолданып, ұялту керек. Сонда ғана олар да сенбіліктерге қатынасатын болады. Тұрғындар да, кәсіпорындар да алдағы уақытта сенбіліктерге қатысулары керек, - деді облыс башсысы.

Қалада биыл бірнеше сквер пайда болады. Сонымен бірге, Абай даңғылындағы отырғыштар жөнделеді. Ақтөбеде қала маңындағы елді мекендерді қоса алғанда 600-ге тарта көше бар. Ондағы тазалық шаралары барысын жылжымалы топ қадағалайтын болады. Бұл туралы аймақ басшысына облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова хабарлады.

- Абай даңғылының бойында 56 кәсіпорын бар. Олардың барлығына жеке-жеке соғып, тазалықты сақтау керектігі ескертілді. Заң бойынша, кез келген кәсіпорын мен тұрғын жай массиві 5-10 метрге дейінгі аралықтың тазалығына жауап беруі тиіс. Бизнес өкілдері, пәтер иелері кооперативтері де жұмылдырылуда. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай, елімізде нақты істер жасауымыз керек. Ақтөбеліктер жаппай сенбіліктерге шығады. Бұл қала біздің ортақ үйіміз. Қаладағы тазалық әрбір тұрғынға байланысты. Таза қалада тұрғымыз келсе, әрбіріміз әрекет жасауымыз керек, - деп атап өтті Сәния Қалдығұлова.

Бердібек Сапарбаев даңғыл бойындағы бағандар мен отырғыштарды бояу керектігін тапсырды. Сонымен бірге, қала тұрғындары жиі шоғырланатын «Қан мен тер» ескерткішін жөнге келтіру керектігін ескертті. Өйткені, айналасы үгітілген, плиталары ашылып жатыр. Аймақ басшысы ақсақалдарға балалары мен немерелерін сенбілікке шығару жөнінде ұсыныс жасады.

- Абай даңғылы 1973 жылы салынған. Сол кезде осында қарағаштар отырғыздық. Олар 35-40 жылда ескіреді. Сондықтан жасыл желектер отырғызуымыз керек. Халық жаппай көшеге шығып, сенбіліктерге қатысулары керек. 90-шы жылдары бұл жерде демалу мүмкін болмады. Адамдар ластап кететін. Бүгінде даңғыл жақсарған сайын, адамдар да мәдениетті бола түседі, - деп атап өтті облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кеңес Бірманов. 

Ақтөбенің орталығында орналасқан «Таксим» мейрамханасының қызметкерлері де нысан айналасын тазалады. Даяшылар мен аспаздар мейрамхана алдындағы талдарды әктеп, топырақ қопсытты. Өсіп кеткен талдарды кесті. Мейрамхана басшысы Мехмет Қаракуштың айтуынша, Түркиямен салыстырғанда Қазақстанда жыл мезгілдері әртүрлі болады. Сондықтан, қыста қар аршып, көктемнен күзге дейін тазалық жұмыстарын қолға алу керек.

- Биыл қыс қатты, қар қалың болды. Біздің мейрамхана қаланың қақ ортасында орналасқандықтан, күнделікті тазартуға тура келеді. Әрі шетел азаматтары осында көп келгендіктен, қысы-жазы тазартып отырамыз, - дейді кәсіпкер.

Сенбілікке Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе аймақтық мемлекеттік университетінің студенттері де атсалысты. Аталған жоғары оқу орнында сенбі сайын 300-ге тарта студент қала көшелеріне шығады. Екі ай көлемінде 2,5 мыңға жуық жас азамат қала тазалығын қамтамасыз ететін болады. Сенбіліктер сәуір-мамыр айларында жалғасады. Алдағы апталарда қала аудандары мен көше бойларында талдар отырғызылады.

«Ақтөбе ақпарат» орталығы