«АҚТӨБЕЛІКТЕР ҚЫСҚЫ ОЛИМПИАДАШЫЛАРДЫ ҚОЛДАЙДЫ» АТТЫ АКЦИЯ ӨТТІ

Бүгін Ақтөбе қаласының Тұңғыш Президент Саябағында Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындарына қатысушы қазақстандық спортшыларды қолдау мақсатында «Ақтөбеліктер қысқы олимпиадашыларды қолдайды» атты акциясы өтті.

Аталған шара облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының, «Жас Отан» Жастар қанаты  облыстық филиалының және облыстық жастар  ресурстық  орталығының ұйымдастырылуымен өткізілді.

-«Бүгін төрт жылда бір келетін Қысқы Олимпиада ойындарының ресми ашылуы өтуде. Айтулы додада Олимпиада делегациясының алдында жоғарғы көрсеткіш көрсету мақсаты тұр. Сол себепті, дүбірлі додаға сынға түсер саңлақтарды рухани қолдау мақсатында ұйымдастырылып отырған бұл шара бірлігімізді бекемдеп, спортқа деген жастардың қызығушылығын арттырады және спортшыларымыздың рухын көтеріп, жеңіске жетулеріне демеу береді деген сенімдемін»,- деді облыс әкімінің орынбасары Е.Нұрғалиев.

Акция барысында қала тұрғындары мен қонақтары Пхенчхан-2018 қатысушыларына жылы лебіздерін арнап, арнайы тілектерін  жолдады. Одан әрі барлық жиналған тілек білдірушілер үшін көңілді эстафеталар ұйымдастырылып, ақтөбенің жас мәнерлеп сырғанаушылары мен хоккейшілерінің қойылымдары көрсетілді.

Сонымен қатар, ҚР Тұңғыш Президентінің Саябағы, 11 мөлтек ауданы және «Гранд» сауда орталығының жанындағы  мұз айдындарында тегін коньки тебу ұйымдастырылды.