«Ақтөбе-Атырау» автожолын қалпына келтіру жұмыстары басталды

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев және ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Мереке Пішембаев құрылыс жұмыстарының басталуына рұқсат берді.

Шараға «Қаз Автожол ҰК»АҚ өкілдері, сонымен қатар «Донгсунг» (Корея) компаниясының, «Тодини Конструциони Дженерали С.п.А.» (Италия) АҚ, «СПИК Аккорд» (Әзірбайжан), «Ташиапи Иншаат» (Түркия), «Ант Иншаат» (Түркия) сынды мердігерлік ұйымдардың басшылары қатысты.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес,«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында аймақта ұзындығы 500 шақырым болатын «Ақтөбе-Атырау» автожолын қалпына келтіру бойынша ірі жоба жүзеге асырылуда. Жолдың бұл бөлігі соңғы рет 50 жыл бұрын жөнделген. Автожолдың қазіргі жағдайы осы заманғы жүктемелерге және көлік құралдарының қарқындылығына сәйкес келмейді. Бұл жол Ресей Федерациясының Астрахань, Орталық Азия және Парсы шығанағы елдеріне шығатын Ақтөбеден Атырау мен Маңғыстауға дейінгі бағыттардың жолдарын қосып, Қазақстан, Қытай, Ресей және Батыс Еуропа арасындағы мен тауарлар транзиті мен жолаушылар легіне, сондай-ақ өңірдегі сауда мен жергілікті кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік береді. Жолды қалпына келтіру барысында шамамен 2 мың адам жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етіледі, олардың 90% -ы - жергілікті тұрғындар», - деді облыс әкімі.

Бүгінгі таңда жолдың аталған бөлігіндегі қозғалыс қарқындылығы тәулігіне 2 187 автокөлікті құрайды, келешекте барлық жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін тәуліктік қарқындылығы 4 791 автомобильге жететін болады.

ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің мәліметі бойынша «Ақтөбе - Атырау» жол бөлігін қайта қалпына келтіруге Азия даму банкі мен Ислам даму банкі сияқты халықаралық қаржы институттарының қарыз қаражаттары тартылатын болады.

Қалпына келтірілуі тиіс 455 шақырым «Ақтөбе-Атырау» автожолының 156 шақырымдық «Ақтөбе-Қандыағаш» бөлігі бойынша конкурстық рәсімдер жүргізіліп, 215,0 млн АҚШ доллары көлемінде Ислам даму банкімен қарыз туралы келісімге қол қойылуда, «Қандыағаш-Мақат» жол бөлігі бойынша 240,3 млн. АҚШ доллары көлемінде Азия даму банкімен қарыз келісіміне қол қойылып, ратификацияланды, сондай ақ, ұзындығы 299 шақырым болатын жеті жол бөлігінің құрылыс жұмыстарымен айналысатын мердігерлік ұйымдар анықталып, олармен келісім-шарт жасалды.

Жобаны жүзеге асыруға Италия, Әзірбайжан, Түркиядан осы салада үлкен тәжірибесі бар шетелдік компаниялар тартылған, жобаның орындалу барысын «ҚазАвтоЖол ҰК» АҚ жобасын басқару жөніндегі кеңесшілер мен «Донгсунг / Жол Сапа» (Корея / Қазақстан) өкілдері бақыламақ. Жобаны 2020 жылы аяқтау жоспарланған.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі