«Бизнеске шектеу жоқ»: Ақтөбе облысында бизнеске кедергі келтіретін тосқауылдар жойылады

Ағымдағы жылы Ақтөбе облысында шағын және орта бизнеске келтіретін кедергілерді жою жұмыстары күшейтілетін болады. Осы мақсатта кәсіпкерлік басқармасы «Атамекен» ҰКП өңірлік филиалымен және жергілікті бизнес-қауымдастығымен бірлесіп «Бизнеске шектеу жоқ» атты арнайы жоба әзірлеуде.

Облыс әкімдігінің кеңейтілген отырысында өңір басшысы Бердібек Сапарбаев  тиісті тапсырма берді.

«Биыл біз Ақтөбе облысында бизнесті дамытуға кедергі болатын тосқауылдарды жою үшін барлық қажетті шараларды жасаймыз. Қазір біз «Атамекен» ҰКП-мен бірігіп жұмыс жасап, бизнеспен жұмысқа талдау жүргізіп жатырмыз. Барлық уәкілетті бақылаушы және құқық қорғау органдары бизнесті дамытуға кедергі болатын мәселелерді жою үшін мұқият талдау жасауы тиіс. Кәсіпкерлікті дамытудың барлық орталықтары жұмыс істеуі керек», - деді облыс әкімі.

2017 жылғы мағлұматтар бойынша  облыста 63,1 мың немесе 104,1% ШОБ субъектісі тіркелді. Олар жалпы сомасы 492,7 млрд. теңгені құрайтын өнім өндірген. ШОБ-те жұмыспен қамтылған халық саны 135,7 мың адамды құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,8% артық.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі