«Туған жер» форумының қатысушылары Ақтөбедегі медициналық кластердің дамуына жоғары баға берді

Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Ақтөбеде Қазақстан бойынша алғаш рет «Туған жер» республикалық форумы өтуде. Форумның екінші күні әлем таныған академиктер, профессорлар, медицина қызметкерлері аймақтағы денсаулық сақтау саласын дамыту бағыттарын, сондай-ақ медициналық кластердің жұмыс нәтижелерін талқылады.

Еске салсақ, Ақтөбе облысында 100 нақты қадам» ұлт жоспарын іске асыру барысында 2016 жылы Батыс Қазақстан және Қызылорда облысының тұрғындарына қызмет көрсететін медициналық кластер ашылған болатын. Оның жұмысының басты мақсаты - жоғары халықаралық стандарттарға, алдыңғы қатарлы медициналық және басқару технологияларына сай, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған денсаулық секторын жетілдіру.

Ол «Aktobe medical center» көпсалалы ауруханасына біріктірілген облыстық  клиникалық аурухана, облыстық балалар клиникалық ауруханасы мен облыстық кеңес беру-диагностикалық орталық негізінде жасақталды. Орталық пен Gangnam Severance Hospital (Сеул, Оңтүстік Корея), Hemogens Health Care (Түркия), Сент-Луис Медициналық Орталығы (АҚШ) сынды әлемдік деңгейдегі емдеу мекемелері арасында серіктестікке келісім жасалды.

Форум аясында өткен халықаралық конференция кезінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мемлекет басшысының медициналық туризмді дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Ақтөбеде кластерді дамыту бойынша шаралар қабылданып жатқанын айтып өтті.

- Біз болашақта кластерді дамытуға тек бюджет қаражаты есебінен ғана емес, сонымен бірге мемлекеттік-жеке меншік серіктестік арқылы да барынша көмек көрсетуге дайынбыз. Мәселен, біз Қазақстан Республикасында алғаш рет МЖС шеңберінде жаңа жедел жәрдем бекетін тұрғызып жатырмыз, оған қоса облыстық клиникалық аурухана базасында құны 5,5 млрд. теңге болатын позитронды-эмиссиялық томография орталығын ашуды жоспарлап отырмыз және ауылдық жерлерде 21 дәрігерлік амбулатория жұмыс жасай бастайды, - деді облыс әкімі.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаеваның айтуынша, Ақтөбе облысы денсаулық сақтау сапасы көрсеткіштерін жақсартуға айтарлықтай ден қойып отыр. Соңғы жылдары аймақта жалпы және ана мен бала өлімі, құрт ауруынан, жазатайым жағдайлардан болатын өлім саны көрсеткіштерінің айтарлықтай төмендеуі байқалады.

- Сіздің аймақ денсаулық сақтау реформаларын енгізу мен жүзеге асыру бойынша және ішкі медициналық туризмді, мемлекеттік-жеке серіктестікті  тиімді дамытуда алда келе жатқан облыстардың бірі. Қазақстанда жасалған 14 МЖС келісімшартының үшеуі Ақтөбе қаласында іске асырылуда. Таяу уақытта озық халықаралық стандарттарға сәйкес жабдықталған офтальмологиялық орталық, жедел жәрдем станциясы ашылады, жалпы, медициналық көмек сапасы жақсарып келеді. Денсаулық сақтау министрлігі өңірлеріңіздің кластерлік тәсілде дамуын қолдайды», - деп атап өтті вице-министр.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Әсет Қалиев облыстың мамандармен жеткілікті қамтылғанын, базалық технологияларды енгізуде белсенділік танытылатынын, семинарлар, шеберлік сабақтары, күрделі операциялар, функционалдық зерттеулер өткізілетінін айтты. Жыл аяғына дейін «Aktobe-Medical center» медициналық кластерінде травматология, педиатрия кардиохирургия, трансплантология және т.б секілді түрлі салада 426 жоғары технологиялық медициналық қызметтер көрсетіледі.

Трансплантациялау жөніндегі  республикалық үйлестіру орталығының жетекшісі Жақсылық Досқалиев, Сент-Луи медициналық университетінің ортопедиялық клиникасының меңгерушісі Жолдас Құлжанов, сондай-ақ Kangnam Severance клиникасының профессоры Кванг Вунг Ли өздерінің кластерлік медицинаның дамуы туралы пікірлерімен бөлісті.

Конференция барысында облыс әкімдігі мен «Медициналық инвестиция тобы» ЖШҚ, «Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты» арасында серіктестік туралы меморандумдарға қол қойылды.

Бірқатар форум қатысушыларына облыстың денсаулық сақтау саласының дамуына қосқан үлестері үшін «Ақтөбе құтты мекен» медальдары және Бердібек Сапарбаев атынан алғыс хаттар табыс етілді.

 

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі