«PRIMETALS TECHNOLOGIES» КОМПАНИЯСЫ ЖОБАЛАРҒА ҚАТЫСУҒА МҮДДЕЛІ

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Primetals Technologies» компаниясының президенті Ямасаки Ясукуни мырзамен кездесті. Аталған компания Ақтөбе қаласындағы рельс-арқалық зауытының құрылысына қатысқан еді. Бұл нысан Елбасының экспортқа бағытталған өндірісті ұлғайту жөніндегі талаптарына сай келеді. Рельс-арқалық зауыт өнімдері еліміздің ішкі нарығымен қатар Өзбекстан, Түркменстан, Әзірбайжан және тағы басқа көршілес елдерге сатылатын болады. Кездесу барысында қара және түсті металлургияға қажет жабдықтар өндіретін кәсіпорын құрылысын салуда көшбасшы компания президентіне металлургия саласында жаңа ауқымды жобалар бойынша бірлесіп жұмыс жасау туралы ұсынысы айтылды. Нақтырақ айтқанда, болат балқыту зауытын салу сөз болды. "Ақтөбе рельс-арқалық зауытының құрылысы кезінде қалай көмектескен болсақ, жаңа жобаны жүзеге асыруда да қол ұшын беруді аямаймыз. Инфрақұрылым жағынан көмектесеміз, салықтық жеңілдіктер қарастырамыз", - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев. Өз кезегінде Ямасаки Ясукуни мырза Ақтөбе облысының бизнес қауымдастығымен жұмыс жасауға, оның ішінде жаңа жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытып отырғанын жасырмады.

Қосылды: 
06.05.2016 - 11:45
Соңғы өзгерiстер: 
16.09.2016 - 15:37