Автобустағы өрт кезінде қаза болғандардың барлығының мүрделері Ақтөбеге әкелінді

Бейсенбі күні, кешке Ақтөбеге Өзбекстан Республикасының Төтенше жағдайлар бойынша министрі Рустам Джураев бастаған делегация келді. Оның құрамына денсаулық сақтау, ішкі істер министрліктерінің қызметкерлері мен дипломаттар кірді.

Сол күні Үкіметтік ведомствоаралық комиссия мүшелерінің, Ақтөбе облысының әкімдігі басшылығының өзбекстандық делегациямен кездесуі өтіп, бірқатар бірлесіп жасайтын әрекеттер талқыланды.

Белгілі болғандай, комиссия құрамына ішкі істер министрінің орынбасары Е.Тұрғымбаев, денсаулық сақтау вице-министрі А.Цой, инвестициялар және дамудың бірінші вице-министрі Р.Скляр кірді.

Кездесу барысында өзбекстандық тарап қазақстандық әріптестеріне жан-жақты көмек көрсеткендері үшін алғыстарын білдірді.

Жуырда Өзбекстан Республикасының Төтенше жағдайлар бойынша министрі Рустам Джураев, Ақтөбе облысының әкімі Серік Төленбергенов, сонымен қатар, өзге де мемлекеттік органдардың бірқатар қызметкерлері Ырғыз ауданында болған оқиға орнына бармақ.

Қазіргі таңда қаза болған 52 адамның барлығының да мәйіттері Ақтөбеге әкелінді. Қазақстандық сарапшылар өзбекстандық әріптестерімен бірге тәуліктік тәртіпте сот-медициналық сараптама жүргізіп жатыр.

Ақтөбе облысының әкімдігі барлық қажетті көмек пен қолдау көрсетуде.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі