Айдын Айымбетов ғарыш апталығының ашылуына қатысты

Кеше Ақтөбеге қазақ ғарышкері, халық қаһарманы Айдын Айымбетов келген болатын. Ұшқыш-ғарышкер Ақтөбеде ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен адамзаттың ғарышқа ұшқанына 55 жыл толуына байланысты ұйымдастырылған шараларға қатысуда. Бүгін ол облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен бірге Назарбаев зияткерлік мектебіне барды. Білім ордасында оқушылармен кездесіп, олардың тың жобаларымен танысты. Сондай-ақ, "Үлкенге қойылатын 100 сұрақ" жобасы аясында оқушылардың сауалдарына жауап берді.

Күмбірлеген күй, оқушылардың қазақ ғарышкерін салтанатты қарсы алуы - бұның бәрі Халық қаһарманына көрсетілген құрмет. Назарбаев зияткерлік мектебіне облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен бірге барған Айдын Айымбетов білім ордасының заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған кабинеттерін көрді. Мектеп тәрбиеленушілері "Ақылды үй", электромагниттік өріс арқылы жіберілетін ғаыш аппараттары, роботталған құрылғыларымен таныстырды.

АЙДЫН АЙЫМБЕТОВ, ҒАРЫШКЕР, "ҚАЗАҚСТАН ҒАРЫШ САПАРЫ" ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ

"Қазақстанның болашағы - жастардың қолында" деп Елбасы бекерге айтпаса керек, бүгін мен Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушыларының жобаларын көріп, таңқалып тұрмын. Өйткені, олар қазіргі өмірге қажетті, өндіріс орындары, тіпті ғарыш саласына қажетті идеяларды іске асырған.

Бүгінде елімізде ғарыш саласына көп көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда "Қазғарыш" ұлттық компаниясы Астанада ұлттық ғарыш орталығының салынуына күш жұмсап жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, үкімет ғарыш саласын дамытуға инвестиция жұмсауды одан әрі жалғастырады.

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Ал ғарышкерге балалардың "Үлкенге қойылатын 100 сұрақ" жобасы аясында бірнеше сауалдары дайын тұрды. Оқушылардың сұрақтарының бірде-біреуін жауапсыз қалдырмаған Айдын Айымбетов өзінің арманы және соған жету жолы туралы айта келе, ғарышкерлер қатарына қосылу үшін ең алдымен денсаулықтың мықты болуы,  екіншісі - жоғары білім, сонан соң еңбекқорлық қажет екенін атап өтті.

АЙДЫН АЙЫМБЕТОВ, ҒАРЫШКЕР, "ҚАЗАҚСТАН ҒАРЫШ САПАРЫ" ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ

Өмірде әр қашан қиын болады, тек сол қиындықтарға шыдап төзімділік таныту керек. Менің айтқым келетіні алдарыңызға мақсат қоюға қорықпаңыздар, керісінше алдарыңызға мақсат қойып соған ұмтылатын болсаңыздар оған міндетті түрде жетесіздер.

Айтып өткеніміздей, биыл адамзаттың ғарышты игеруінің 55 жылдығы. Осыған орай Назарбаев мектебінен кейін Айдын Айымбетов ғарыш апталығының ашылу салтанатына қатысты. Облыстық драма театрында өткен шара барысында "Балалар-ғарышқа" байқау-көрмесін және көрермендер залында өткен концертті тамашалады.

 

Қосылды: 
06.04.2016 - 11:05
Соңғы өзгерiстер: 
08.09.2016 - 15:47