Ауылшаруашылығы саласына мемлекеттік қолдау жалғасады

You are here

Облыстық әкімдікте аймақтың 2016 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысына арналған кеңейтілген мәжіліс өтті. Жиынға барлық деңгейдегі әкімдер, облыстық және қалалық мәслихат депатуттары, облыстық басқарма басшылары, кәсіпкерлер және т.б. қатысты.

- Дүниежүзінде болып жатқан эконмикалық дағдарыс Қазақстанға, оның ішінде мұнаймен, металмен байланысты біздің Ақтөбе өңіріне де әсер етті. Алайда экономиканың басқа салаларын дамыту, резервтерді табу арқылы біз өндірісті де, экономикаға инвестиция тартуды, құрылысты, инфляцияны ауыздықтауды, ауыл шаруашылығындағы көрсеткіштерімізді төмендетпей, Мемлекет басшысы, Үкіметтің берген тапсырмаларын толығымен орындадық. Ең негізгісі —жұмыссыздардың санын өсіруге жол берген жоқпыз. Мәліметке жүгінетін болсақ, жыл қорытындысы бойынша аймақта жұмыссыздардың саны экономикалық белсенді азаматтар санына шаққанда 4,8 пайыз. Бұл республикалық көрсеткіштен төмен. Жалпы өткен жылы біз 16 мыңға жуық жаңа жұмыс орын аштық. Жұмыспен қамтудың кешенді бағдарламасына сәйкес аймақта 29 мың жұмыс орны ашылды. Аймақта жұмыссыздар санының өспегенін осының нәтижесі деп айтуымыз керек. Құрылыс, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, жол, коммуналдық қызметтер секілді басқа да салалар өз деңгейінде жүргізілді. Биыл осы алған қарқынымызды әрмен қарай жалғастыруымыз керек, — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Былтыр «Агробизнес — 2020» мемлекеттік бағдарламасының нәтижесінде 2015 жылмен салыстырғанда өнім көлемі 19,5 миллиард теңгеге артқан. Нақты көлем индексі — 108,7 пайыз. Өткен жылы ауыл шаруашылығына салынған негізгі инвестициялар көлемі 11,7 млрд теңгеден асып, 2015 жылмен салыстырғанда 83,5 пайызды құрап отыр. Былтыр ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 9,7 млрд теңге субсидия бөлініп, қаржы толық игерілген. Аймақта бұл салаға жетекшілік ететін облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Жұмағазиевтің айтуынша, ауылшаруашылық құрылымдарына берілетін несие көлемі жыл сайын артуда.

— Тапсырма бойынша аймақта 70 кооператив құру керек болса, бүгінгі күні олардың саны — 103. Кооператив құру ісімен, бірінші кезекте, ауыл әкімдері айналысу керек. Аудан әкімдері бұл істі бақылауға алуы қажет, — деді М.Жұмағазиев.

Кеңейтілген мәжілісте аймақтың ауыл шаруашылығы саласындағы ірі құрылымдардың бірі — «АкТеп» ЖШС-ның директоры Нұрлан Сағыналин ветеринар мамандар аймақтағы шаруашылықтар арасында талдау жүргізу ісін қолға алса деген ұсынысын білдірді. «Кейбір фермаларда мал саны бірдей болғанмен, төл алуда көрсеткіш төмен болып жатады. Төл бермейтін сиырлардың бойында инфекция болуы әбден мүмкін. Сол жағын зерттеп, тексеру жұмысымен айналысса деймін. Бұл өз кезегінде аймақта мал басын көбейтуге, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін ұлғайтуға өз ықпалын тигізбек», — деді ол.

Жиын барысында өңір басшысы ауыл әкімдерінің жұмысын сынға алды.

— Негізгі жұмыстың бәрі ауылда. Алайда, ауыл әкімдері өз деңгейінде жұмыс істеп жатқан жоқ. Біз халық игілігі үшін бірлесе отырып бұдан да артық жұмыс жасауымыз керек. Біздің міндетіміз — Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған тапсырмаларын орындау мақсатында кемшіліктерімізді жойып, өңірді одан әрі дамыту үшін барлық резервтерді пайдалану,- деді Б.Сапарбаев.

Облыс әкімі мәжілісте егіс құрылымдарын әртараптандыру, суармалы жерлерді ұлғайту, мал басын асылдандыру, кооперативтер құру сынды өзге де мәселелерге кеңінен тоқталды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Жаңалықтар таспасы