Ауыл шаруашылығы саласын дамытуға нақты бетбұрыс жасалуы керек

Ақтөбе облысында балық шаруашылығы, қоян, ешкі өсіру және ара балын өндіру ісі кенже қалып отыр. Бұл туралы бүгін облыс әкімдігінде өткен кеңейтілген жиында айтылды. Аталған шаруашылықтарды дамыту бойынша 2016-2018 жылдарға арналған бағдарлама әзірленуі тиіс еді. Алайда облыс әкімінің берген тапсырмасы уақытылы орындалмаған. Жиында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жауапты басшылар мен аудан әкімдері орынбасарларының жұмысын қатаң сынады.

Осыдан екі ай бұрын ауыл шаруашылығы саласының мүмкіндіктерін кеңейту, импорттық тауарларды азайту, өңірде кенжелеп қалған шаруашылықтарды ілгерілету бойынша мәжіліс өткен болатын. Сол кезде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жауапты тұлғаларға тиісті тапсырма берген еді. Атап айтсақ, 2016-2018 жылдарға арналған балық шаруашылығы саласын дамыту бойынша бағдарламаны әзірлеу. Аталған бағдарлама екі айдың ішінде әзірленуі тиіс еді. Бірақ, жауапты мамандар бұл міндетті межелей алмағанға ұқсайды. Сондай-ақ шағын отбасылық фермаларды дамыту бойынша бөлінген қаржы да толық игерілмеген. Несие алу, бағдарламалардың өзге де тиімді тұстары туралы халыққа түсіндіру жұмыстарының қарқыны бәсең. Облыс әкімі тапсырманы орындау үшін тамыздың біріне дейін бір ай мерзім уақыт берді.

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Кеңейтілген жиында облыс аудандарында қолға алынған бөдене шаруашылығын дамыту  да сөз болды. Әсіресе, облыс аудандарында да бұл мәселелер енді ғана қолға алына бастаған.

ҚАРЖАУБАЙ ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ

Белгілі болғандай, өңірде ауыл шаруашылығының кейбір салаларын дамыту үшін республикалық бюджеттен 4 млрд.теңге қаражат бөлінген. Бүгінде оның тек 2 млрд.теңгесі ғана игеріліпті. Ал балық зауытын ашып, өнім өндіру үшін 300 тонна балық керек екен. Бұл үшін өңірдегі өзен-көлдердің мүмкіндігі анықталуы қажет. Жауапты мамандар ғылыми зерттеу институтымен жұмыс жүргіздік дегенімен, одан нәтиже жоқ. Мәселен, өткен жылы 114 тонна балық өндірілсе, биыл оның саны 122 тонаны құрады. Бұл ақтөбе өңірі үшін өте аз көрсеткіш. Өйткені, облыста шаруашылықты дамыту үшін барлық мүмкіндік жеткілікті.

 

 

 

 

Қосылды: 
30.06.2016 - 14:57
Соңғы өзгерiстер: 
09.09.2016 - 15:05