Ақтөбедегі жаңа Неке сарайында зүбәржат тойы тойланды

Ақтөбеде жаңа Неке сарайының ашылу рәсімі өтті. Салтанатты шараға ҚР мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова мен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.

- Бүгін біз жақсы жаңалыққа – жаңа Неке сарайының ашылуына куә болып отырмыз. Жастар үшін елде көп нәрсе істеліп жатыр. Мемлекет басшысы жастар саясаты жөнінде жарлыққа қол қойды, 2030 жылға дейін жұмыс жасайтын гендерлік және отбасылық саясат тұжырымдамасы бар. Болашақ жастардың қолында. Бұл Сарайда жастар үшін жаңа өмір басталады және ол бақытқа толы болсын. Мұнда көп баласы болатын жаңа мықты отбасылар дүниеге келсін,-деді құттықтау сөзінде Г.Әбдіқалықова.

Өңір басшысының бастамасымен Ақтөбе облысында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі және мемлекеттік-жеке серіктестік аясында әлеуметтік нысандардың ауқымды құрылысы жүріп жатыр. Былтыр Шығармашылық академиясы, Өнер орталығы, Жекпе-жек сарайы, Жұбановтар жанұясының шығармашылық үйі, «Олимп» хоккей модулі және т.б. көптеген жобалар пайдалануға берілді.

Неке сарайы құрылысының құны шамамен 1,5 млрд теңгені құрайды. Ғимаратты тұрғызуға және оның ішін әрлеуге кеткен құрылыс материалдарынан өзге мұнда жас жұбайлар мен қонақтардың жайлылығы үшін барлық жағдай жасалған. Сарай бүтін бір кешен секілді. Оған некені салтанатты түрде қиятын төрт зал кіреді. Олар түрлі стильде безендірілген, сонымен қатар жас жұбайлар үшін күту залы да бар.

- Менің ойымша, әр адамның арманы –жақсы отбасын құру. Отбасы – бұл кез келген мемлекеттің бір бөлшегі. Мемлекеттің жетістігі - әрбір жанұядағы келісім, бейбітшілік пен жетістікке байланысты. Сондықтан, Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бұл мәселеге көп көңіл бөледі. Біз осы мерекені еліміздің Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Наушақызымен, Парламент Мәжілісі депутаттарымен, Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасымен бірге атап өткеніміз үшін бақыттымыз. Бұл екі есе қуаныш,-деп атап өтті құттықтау сөзінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Символикалық лентаны ҚР мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова мен Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы Леонид Прокопенко кесті. Кейін қонақтар жаңа нысанды қарап шығып, 50 және 55 жыл отасқан мерейтой иелерін ұлықтау рәсіміне қатысты.

Бүгін Хамза мен Майра Тоққожиндер алтын, ал Орынбасар мен Гүлназия Дәулембаевтар зүбәржат тойларын атап өтуде. Олардың жұбайлық өмірі осы күні некелерін қиған ерлі-зайыптыларға үлгі болмақ.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі