Ақтөбедегі әлеуметтік нысандардың құрылысы облыс әкімінің бақылауында

Дүйсенбі күні Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс барысымен қаланы аралап шығып, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан тұрғын үйдің, мемлекеттік-жеке серіктестік және бизнестің әлеуметтік жауапкершіліктегі нысандарының құрылысымен танысты.

Атап айтқанда, өңір басшысы Нұр Ақтөбе шағын ауданындағы құрылыс алаңдарына, қалалық Аквапаркке, Неке қию сарайына, Жастар сарайына, жедел медициналық көмек бекеті мен облыстық мұражайға барды.

Қаланы аралалаудан кейін мердігер құрылыс компаниялары, құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындар, облыстық құрылымдық бөлімшелер басшыларының қатысуымен аталмыш нысандарды жүзеге асырудағы проблемалық сұрақтар бойынша жұмыс жиналысы өтті.

Б.Сапарбаев басты назарды барлық нысандар құрылысының уақытында аяқталуы және оларды жоспарланған мерзімде пайдалануға беру мәселесіне аударды.

«Өкінішке қарай, сіздердің берген уәделеріңіз мерзімінде орындалып жатқан жоқ. Мынадай қарқынмен біз нысандарды салып үлгермейміз. Барлық нысандарды ақтөбеліктер мен қала қонақтары үшін салып жатқанымызды ұмытпауымыз қажет. Сондықтан, мұның басқа жолы болу керек. Біз Ақтөбенің құтты мекен екенін көрсетуіміз қажет,-деді Бердібек Сапарбаев құрылыс компанияларына қарата айтқан сөзінде.

Сонымен қатар, өңір басшысы құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындарды материал сапасын да ұмытпай өндірілетін өнім көлемін арттыруға шақырды.

«Құрылыс материалдары жетіспеген кезде зауыттар тәулік бойы жұмыс жасаулары қажет. Ал біздегі зауыттар сенбіде де, жексенбіде де жұмыс жасамайды. Бірінші кезекте бұл сіздер үшін жақсы, бұл өндіріс қуаттылығының жетістігі»,-деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Жиналыс қорытындысы бойынша Бердібек Сапарбаев облыс әкімдігінің тиісті бөлімшелеріне бірқатар тапсырмалар берді.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі