Ақтөбеде «Бақытты бала» жобасының шеңберінде Димаш Құдайберген және Данэлия Тулешова ән салады

Ақтөбеде 1-3 маусым аралығында алғаш рет «Бақыты бала  - 2018» ашық балалар вокалдық фестиваль-байқауы өтеді.  

Аталмыш жоба аясында ұйымдастырылатын іс-шараның жүзеге асу барысы өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалық етуімен облыс әкімдігінде өткен жиында қарастырылды.

Вокалды фестиваль-конкурсқа 10-15 жас аралығындағы балалар қатысады. Қазіргі уақытта ұйымдастыру комитеті қатысуға өтінімдер қабылдауда. Қатысушылардың географиясы шектеулі емес. Байқау конкурсанты боламын деген тілектер Греция, Ресей, Украина, Татарстан, Қытай және Қазақстанның  вокалистері тарапынан түсті.

Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханова қашықтан іріктеу туры компьютерлік өңдеусіз және жанды дауыста орындау арқылы  baqyttybala@gmail.com электрондық поштасына жолданған аудио және бейнені тыңдау арқылы орын алады деп түсіндірді. Өтінімдерді қабылдау 15 мамырда жабылады.

Конкурстың екінші кезеңі 1 маусымнан басталады. Іріктеуден өткен қатысушылар жартылай финалда жеңіске жету құқығын дәлелдеу үшін Ақтөбе сахнасына шығады, содан кейін шығармашылық жарыстың финалына кіреді. Байқау  соңында финалға шыққандар еліміздің ең танымал әншілері Димаш Құдайберген, Данэлия Тулешова және Луиза Нұрқуатовалармен бірге бір сахнада өнер көрсетеді.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі