Ақтөбеде «Мәңгілік даңқ» акциясына 45 мың адам қатысты

Ақтөбеде Жеңістің 73 жылдығына орай «Мәңгілік даңқ» шеруі өтті. Акция үш жыл қатарынан өтіп келеді, бүгін оған 45 мыңдай адам қатысты.
Ақтөбеліктер қолдарына Ұлы Отан соғысына қатысқан, тыл еңбеккері болған туыстарының фотосуреттерін алып, соғыс жылдарындағы әуендердің ырғағымен жүріп өтті. Алда бірінші болып қолдарына Кеңес Одағының 44 ақтөбелік батырларының және Даңқ ордені кавалерлерінің портреттерін ұстаған Т.Бегелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының курсанттары жүрді. Мыңдаған колонна әскери оркестрдің сүйемелдеуімен Әбілқайыр хан даңғылы бойындағы облыстық әкімдік ғимараты алдынан қозғалып, Тұңғыш Президент атындағы саябаққа дейін жүріп өтті.
Мұнда «Қазақ халқына мың алғыс» стеласының алдында театрландырылған мәдени-көпшілік шаралар мен «Мың тағзым Сізге ардагерлер» атты концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
Ақтөбеліктерді мерекелерімен өңір басшысы Бердібек Сапарбаев құттықтады.
Ол өзінің құттықтау сөзін ардагерлерге соғыс кезінде көрсеткен қаһармандық пен ерліктері үшін алғыс айтудан бастады.
- Бүгін біз, бейбіт өмірді, тәуелсіздік пен еркіндікті сыйлаған жандардың барлығына құрмет көрсетіп жатырмыз. Біз ең ауыр және қатал соғыс кезінде жеңіспен жеткен құндылықты ешқашан ұмытпауымыз керек. Сіздердің батылдықтарыңыз бен табандылықтарыңыз үшін шын жүректен жолдаған құттықтау мен алғыс сөздерді қабыл алыңыздар, - деді облыс әкімі.
Ол сондай-ақ, мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен ардагерлер мен тыл еңбеккерлерін қолдауға ерекше назар аударылып жатқанын атап өтті.
- Сіздердің ұрпақтарыңыз болу – аса құрмет қана емес, сонымен қатар үлкен жауапкершілік. Сондықтан біздің міндетіміз – әрбір ардагерге көңіл бөліп, қамқор болу. Бұл біздің аға буын алдындағы қасиетті борышымыз,-деді Б.Сапарбаев.
Өңір басшысы мереке қарсаңында Ресей Федерациясының Тверь облысына қарасты Ржев қаласында қазақстандық жауынгерлерге арналған мемориалды кешеннің салтанатты түрде ашылғанын атап өтті. Ескерткішті Ақтөбе облысы қайта өңдеуден өткізген.
Ақтөбеде театрландырылған мәдени-көпшілік шаралар мен «Мың тағзым Сізге ардагерлер» атты концерттік бағдарламалар облыстық әкімдік алдындағы алаңда, Пушкин атындағы саябақта, Ретро паркте, «Керуен сити» сауда-ойын-сауық орталығында, «Қарғалы» шағын ауданында, Денсаулық саябағында, Металлургтердің мәдениет үйінде өтуде. Төрт жерде әскери-далалық асхананың дастарханы жайылып, кез келген келуші әскери ботқадан ауыз тиіп, мерекелік концертті тамашалады.
Кешкісін «Мәңгілік алау» алаңында «Шырақ жағу» акциясы өтеді. «Ұлы Отан соғысы әуендері» мерекелік бағдарламалары ҚР Тұңғыш Президенті атындағы және Пушкин атындағы саябақтарда да өтеді. Жеңіс күнін тойлау әдемі от шашулармен аяқталмақ.
Облыста қазіргі таңда Ұлы Отан соғысының 61 ардагері бар. Оның 53-і Ақтөбеде, біреуі Алға, біреуі Мәртөк, төртеуі Мұғалжар, екеуі Хромтау аудандарында тұрады.
Олардың арасындағы ең үлкені - 1918 жылдың 27 қарашасында туған Ходус Петр Иванович.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі