Ақтөбеде «Наурыз мейрамы» мерекесі бір ай бойы жалғасады

Бұл туралы Ақтөбе облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева мәлімдеді.

Қазіргі таңда  облыс бойынша «Наурыз мейрамын» ұйымдастырып өткізу мақсатында арнайы жұмыс жоспары құрылып дайындық жұмыстары басталды.

Басқарма басшысының айтуынша облыс әкімінің тапсырмасына сай 14 наурыз бен 14 сәуір аралығында әрбір күнде ұйымдастырылатын  шаралардың Концепциясы әзірленді. Өңір  бойынша мәдениет, білім, спорт мекемелерімен қатар барлық кәсіпорындар, мемлекеттік емес ұйымдар, бизнес құрылымдары  және басқа салаларды есептегенде  Наурыз мерекесіне арналған  5000-ға жуық шаралар өткізіледі деп жоспарлануда.

Мәдени-көпшілік шаралар 14 наурыздан бастау алмақ. ҚР Мәдениет және спорт Министрлігінің бекіткен кестесіне орай  «Наурыз, қош келдің!» флеш-мобы  және облыстық ішкі саясат басқармасы жастарының бастамасымен «Бауырсақ мерекесі»  14 наурыз күні сағат 15.00-де Тұңғыш Президент саябағында өтеді.

19-21 наурыз аралығында мейрамханалар мен кафелер, кәсіпорындар мен мекемелер, оқу орындарында жобамен 3000- ға жуық  дастархан жайылып, 300-350 мыңға жуық ардагерлерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға, қамқорсыз қалған балаларға және басқа жандарға арналған  қайырымдылық акциялары ұйымдастырылады. Оның ішінде облыстық мәслихат депутаттары тарапынан  200 балаға  7 қайырымдылық дастарханы жайылады.

- 21 Наурыз күні қала, аудандардың орталық көшелерінде бекітілген маршрут бойынша арнайы жабдықталған Керуенмен  "ЖАРАПАЗАН" айтылып,  халықты мерекемен құттықтайды, Наурыз мейрамына шақырады. 22 наурызда қаланың, аудандардың орталық алаңдарында "НАУРЫЗ - ҚҰТТЫ МЕКЕН АҚТӨБЕДЕ!"- халықтық қыдырулар,  театрландырылған мерекелік бағдарламалар, ұлттық спорттық ойындар өткізіледі – деп атап өтті басқарма басшысы.

Негізінен қойылатын киіз үйлерді ұлттық  нақышта безендіріп, ішінде ұлттық  салт-дәстүрімізді насихаттайтын  көрмелер өткізіледі.  Сонымен қатар «Бауырсақ» фестивалі, «Наурыз көже» фестивалі, «Палау» фестивалін ұйымдастырып, қорытындысы бойынша «Ең Үздік» мекеме, кәсіпорындарды марапаттау  ұйымдастырылады.

Ал қала әкімінің орынбасары облыс орталығында өткізілетін ерекше мерекелік шараларға келуге шақырды.

 - Халық көп жиналатын  "Керуен Сити" орталығында 23 наурызда "Ақтөбеде жасалған" - ұлттық тағамдар көрме-саудасы, Шұбат-пати; 24 наурызда "Этно-fashion" ұлттық киімдер флеш-мобын ұйымдастыру жоспарланды. 25 наурызда ақтөбеліктерді "КӨКПАРды" тамашалау үшін ипподромға шақырамыз. – деді қала әкімінің орынбасары Гүлбаршын Айдарханова.

Айта кетейік, 12 сәуір күні «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының 1 жылдығына орай  облыс орталығында және аудандарда  "НАУРЫЗ - ЖАҢҒЫРУ НЫШАНЫ" - іс-шаралар кешені өткізіледі. 14 сәуір  күні "НАУРЫЗ! БЕРЕКЕ! БІРЛІК!" тақырыбында Наурыз мерекесіне арналған бір айлық кешендік шаралардың қорытындысы жасалып, үлкен бағдарламамен аяқталады.

 

Ақтөбе облысының өңірлік коммуникациялар қызметі