Ақтөбеде «Туған жерім – Нұрлы елім» атты Әйтеке би ауданының күндері өтуде

Бүгін «Табыс» коммуналдық базарында ауданның ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова әйтекебилік тауарөндірушілер өнімінің бағасымен танысты.

Сиыр етінің бір келісі 1 150 теңгеге, жылқы еті 1 500 теңгеге, қой еті 1 000 теңгеге сатылды. Бұдан өзге қалалықтарға сүт өнімдерінен сүзбе, құрт, қаймақ, май, қымыз ұсынылды.

Өңір басшысы сондай-ақ, жергілікті тауар өндірушілердің өнімі қойылған қатарды да қарап шығып, әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасын бақылау және өсуін тежеу бойынша жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Б.Сапарбаев сонымен қатар, қалалық әкімдік алдындағы алаңда орналасқан Әйтеке бидің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне және «Аталы сөз иесі Әйтеке би» мерекелеік шарасына қатысты. Мұнда үлкен киіз үй тігіліп, мерекелік дастархан жайылды, көрме ұйымдастырылды.

Әйтеке би ауданының әкімі Мәлімбет Ибрашев көктемгі су тасқыны кезінде баспанасы қираған отбасыға үйдің кілтін, тағы бес отбасыға 100 мың теңгенің сертификатын табыс етті.

Кешке тұңғыш президент атындағы саябақта қолданбалы өнер шеберлерінің көрмесі, «Өрелі, өрісі кең Әйтеке би» атты кітап көрмесі, қазақша күрестен сайыстар, сонымен қатар «Егеменді елдің сырлы сазы» атты гала концерт өтеді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі