Ақтөбеде азаматтарды уақытша тіркеу бойынша жағдай бір қалыпты

You are here

Бүгін Ақтөбе облысы бойынша көші-қон полициясы бастығының орынбасары Нұрболат Хайруллин және ХҚКО департаменті басшысының орынбасары Самал Нұғманова БАҚ өкілдеріне азаматтарды уақытша тіркеу заңнамасындағы өзгерістер бойынша «Ақтөбе ақпарат» орталығында баспасөз маслихатын өткізді.

- Бұл талаптар дүниежүзілік тәжірибе болып табылады. Уақытша тұратын жерде тіркелу Қазақстанда бұған дейін де талап етілетін. Тек ол бұрын Үкімет қаулысында көрсетілген болса, енді заңдық тұрғыда бекітілді.Егер тіркеуде болмаған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылады,- деді Нұрболат Хайруллин.

Көші-қон полициясы бастығының орынбасарының айтуынша енді баспанада тұрғылықты тіркеуде тұрмаған азаматтар болған жағдайда, үй иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ал тіркеусіз тұру мерзімі 3 айдан 1 айға қысқартылады. Тіркеу еркін жүріп-тұруды шектемейді және халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді.

* Тіркеу ішкі көші-қон процестерін қадағалау, жалпы лаңкестіктің алдын алу және мониторинг мақсатында да жүзеге асырылады. Ақтөбеде жаз айында орын алған лаңкестікке қатысқандардың барлығы ешқандай тұрғылықты тіркеуде болмаған, - деді көші-қон полиция бастығының орынбасары.

Сонымен қатар, тіркеу елді мекендердің әлеуетін анықтау үшін тұрғындардың нақты есебін жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл мәлімет ұлттық және өңірлік аумақтардың даму бағдарламаларын әзірлеуде қолданылады.

Ақтөбе облысы бойынша ХҚКО тұрғындарды қабылдау үшін барлық жағдайлар жасалған. Орталық басшысының орынбасары Самал Нұғманованың айтуынша Ақтөбе қаласындағы ХҚКО-ның №1 және №2 бөлімшелерінің уақытша жұмыс кестелері сағат 8.00- ден 20.00-ге дейін, түскі үзіліссіз жүргізіледі.

Тұрғындар арасында кезек санының артуының алдын алу үшін көші-қон полициясынан қосымша қызметкерлер бөлінді. Олар түсіндіру және құжаттарды жинау бойынша қызмет атқарады.

Ұзақ кезекте күткен азаматтар үшін ыстық шай мен тәттілер қарастырылған. Облыс бойынша 7 қаңтардан бастап көші-қон полициясына 741 адам тіркелген, сонымен қатар 2072 адам тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркелген.

Ақтөбеде азаматтарды уақытша тіркеу бойынша жағдай бір қалыпты деп өз сөзін аяқтады Нұрболат Хайруллин.

«Ақтөбе ақпарат» орталығы

Жаңалықтар таспасы