Ақтөбеде аудан күндері басталды

You are here

Ағымдағы жылы аудандар күнін облыс əкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен өткен "Туған жерім - нұрлы елім" акциясының жеңімпазы Темір ауданы ашты. Дəстүр бойынша темірліктер көптеген мəдени-бұқаралық шаралар өткізіп, ауылшаруашылық жəрмеңкеде өз өнімдерін ұсынды.

Мерекелік шараларға ірі компаниялардың басшылары, облыстағы ұжымдар, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты. Сəңкібай батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қойған облыс əкімі Бердібек Сапарбаев өңірде тарихта аты қалған қазақ батырлары мен өңірдің дамуына үлкен үлес қосқан атақты тұлғалардың құрметіне аталған Көшелер күні өтіп жатқандығын атап өтті.

- Мемлекет басшысы рухани жаңғыруға бағыт беріп, соның аясында біздің алдымызда тарихты зерттеп, өскелең ұрпақты патриоттыққа тəрбиелеу жұмыстары тұр. Осы жылы біз Сəңкібай батырдың 333 жылдығын атап өтеміз. Темір ауданының күндері осы датаға орайластырылған, ал барлық іс-шаралар батырдың атымен аталатын даңғылда өткізілуде. Оған аталмыш даңғылда еңбек ететін кəсіпорындар мен сауда орталықтары қатысуда. Тұрғындар көшелердің тарихын, неліктен ол кісілердің есімі берілгендігін, олардың өңірдің дамуына тигізген үлестері туралы білулері қажет,-деген Бердібек Сапарбаев ауқымды мерекенің ұйымдастырушыларыа алғысын білдірді.

Темір ауданының басшылығы су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға баса назар аударды. Демеушілер қаражаты есебінен отбасылардың біріне екі бөлмелі пəтердің кілті табыс етілді. Тағы 15 жанұя облыс əкімінің қолынан тұрмыстық техникалар мен құрылыс материалдарын сатып алу сертификатына ие болды. Сонымен қатар, флешмоб, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, тегін медициналық көмек көрсетілді. Аталмыш даңғылда тұратын отбасыларға арналып көптеген тосынсыйлар мен сыйлықтар дайындалды.

Ең кішкентай жəне ең қарт тұрғын, мерейтойларын атап өткен отбасылық жұп, сонымен қатар жуырда неке қиған жас отбасылар да назардан тыс қалмады. "Үздік ұжым", "Əлеуметтік жауапты кəсіпорын" номинацияларының жеңімпаздары анықталды. Тұңғыш президент атындағы саябақта темірлік оқушылардың "ЭКСПО 2017" халықаралық көрмесінің ашылуына арналған "ЭКСПО қалашығы" көрмесі өтті.

Қатысушылар Қазақстанда жүздеген елдің өкілдері, сонымен қатар 22 халықаралық ұйымдар қатысып жатқан əлемдегі ең маңызды шараның басталғандығын зор мақтанышпен айтты. Мерекені жерлестерін қолдауға келген Темір ауданынан шыққан атақты əртістерінің қатысуымен өткен гала концерт тəмамдады.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жаңалықтар таспасы