Ақтөбеде ауыл әкімдерінің республикалық форумы өтуде

Ақтөбеде жергілікті өзін өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу және коммуналдық меншігіне арналған ауылдық округ әкімдерінің республикалық форумы өткізілуде.

  Форум жұмысына Ұлттық экономика және қаржы министрліктерінің өкілдері, сондай ақ, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарының аудандық маңызы бар қалаларының, ауылдарының, кенттерінің, ауылдық округтерінің 350-ден астам әкімі қатысты.

Форумның панельдік сессиясын ашқан Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, 2018 жылдан бастап дербес бюджет аудандық маңызы бар алты қалада және облыстың тұрғындарының саны 2 мыңнан асатын 43 ауылдық округінде, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаппай жүзеге асырылатындығын айтып өтті.

«Біз жергілікті бюджеттердің дербестігін нығайту жөніндегі бастаманы барынша қолдаймыз. Осыған байланысты кең ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілуде. Барлық деңгейдегі әкімдердің қаржылық сауаттылығын арттыру үшін арнайы семинарлар өткізілді. Біздің әкімдеріміз бұл жаңа бастамаға дайын екендеріне сенімдіміз және бүгінгі форум олардың білімдерін одан әрі жетілдіруге үлкен септігін тигізетіні сөзсіз», - деді Бердібек Сапарбаев.

Қазақстандағы жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту пайымын айқындайтын негізгі құжат ҚР Президентінің 2012 жылғы Жарлығымен бекітілген жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы болып табылады.

«Тұжырымдама негізіне Жергілікті өзін-өзі басқарудың Еуропалық хартиясында бекітілген муниципалдық демократия мен муниципалдық басқарудың жалпыға мәлім құндылықтары салынған»,-деді өз сөзінде ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов.

ЖӨБ бюджетінің кіріс көздері салықтық түсімдерден (төлем көздерінен алынбайтын табыстардан жеке табыс салығы, жеке тұлғалардан алынатын мүлік салығы, жеке тұлғалардан және заңды тұлғалардан алынатын көлік салығы; жеке тұлғалардан және заңды тұлғалардан елді мекендердің жеріне алынатын жер салығы және басқалары) және салықтық емес түсімдерден (мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдаудан (жалгерліктен) түстетін табыстар; коммуналдық меншікті сатудан түсетін табыстар; жеке және заңды тұлғалардың ерікті алымы; «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде қарастырылған әкімшілік құқықбұзушылық үшін әкімдердің төлететін айыппұлдары) тұратын болады.

«Шығындар қолданыстағы Бюджет кодексіндегі ауыл әкімдерінің 19 бағыттағы шығындары деңгейінде анықталды: мектепке дейінгі тәрбие мен білім;  елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру; автожолдар құрылысы, қайта ұйымдастыру, жөндеу және ұстау; елді мекендерді сумен жабдықтауды ұйымдастыру және басқалары», - деді вице-министр.

Ағымдағы жылдың шілдесінде қабылданған жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту туралы Қазақстан Республикасының Заңының негізгі ерекшелігі жергілікті қоғамдастықтың жергілікті өзін өзі басқарудың бюджеттік үдерістер мен коммуналдық меншікті басқаруға міндетті қатысуы болып табылады. Атап айтқанда, тұрғындардың бюджеттік қаражаттың жұмсалуын жергілікті қоғамдастықтың жиналысына қатысушылардан тұратын комиссия арқылы ауылдық округтің бюджетінің орындалуы мониторингін жүргізу жолымен бақылау тетігі көзделіп отыр.

Осылайша жергілікті қоғамдастықтың мүддесін есепке алу арқылы бюджетті жоспарлауға және бақылауға мүмкіндік беретін тетіктер қарастырылды. Сонымен бірге, ЖӨБ коммуналдық меншігін басқару жергілікті қоғамдастық жиналысының келісімі бойынша ауыл әкімі аппаратына жүктелетін болады.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі