Ақтөбеде бірегей медициналық жедел жәрдем бекеті таныстырылды

Ақтөбеде заманауи медициналық жедел жәрдем бекеті таныстырылды. Салтанатты ашылу шарасына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Республикалық санитарлық авиация орталығының директоры Нұржан Отарбаев қатысты.

- Елбасы 2050 жылға қарай дамыған отыз елдің қатарына ену міндетін қойған болатын, алайда отандық медицинаны дамытпай бұл тапсырма орындалмайды. Бүгінде Ақтөбе медициналық кластері негізінде жаңа технологиялар енгізіліп, құрал-жабдықтар жетілдірілуде. Облыс халқының денсаулығын айтарлықтай жақсартып, өмірін ұзартатын алдыңғы әлемдегі жетекші мемлекеттердің қатарлы тәжірибелері қолданылып жатыр. Біз бұл жұмысты әрі қарай жалғастырамыз, - деп атап өтті Б.Сапарбаев.

Бекет жылына 75 мың шақырту алуға есептелген, алдыңғы қатарлы халықаралық стандарттарға сай келеді. Қазақстанда аталмыш бекеттің баламасы жоқ. Ақтөбе елімізде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобасы негізінде заманауи құрал-жабдықтармен, навигация жүйесімен және оқытылған 10 оператор шақырту қабылдайтын Сall орталығымен жарақтанған «жедел жәрдем» ғимаратын салған алғашқы қала. Штатта 655 адам болса, оның жүзге жуығы дәрігерлер.

Жобаның инвесторы - шетелде үлкен тәжірибесі бар түрік компаниясы.

Кешенге 16 реанимациялық көлік, 16 санитарлық автомобиль мен екі диагностикалық машина – жалпы саны 34 автокөлік сатып алынды. Кешенде бұл медициналық қызмет көрсету сапасын айтарлықтай арттырып, дәрігерлердің шақыртуға келу уақытын азайтты. Жобаны жүзеге асыру құны – 5,4 млрд. теңге.

Айта кетейік, өңірде оңтүстік кореялық, неміс және америкалық мамандары қатысқан медициналық кластерді құру және дамыту жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Өткен жылдың соңында МЖС аясында заманауи офтольмологиялық емхана жұмыс жасай бастады. Балалар тіс емханасының, мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығының құрылысы жүріп жатыр. Болашақта балалар онкологиялық орталығын, ядролық медицина орталығын, кешенді диагностикалық Check-up орталығын ашу жоспарда бар.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі