Ақтөбеде Венгрия консулдығы ашылды

Елдестірмек елшіден. Ақтөбеде Венгрия консулдығы ашылды. Жалпы Венгрия біздің өңірге инвестиция салуға ниетті. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың Венгрияның Қазақстандағы елшілік өкілдерімен кездесуінде айтылды. Сонымен бірге, басқосу барысында сауда-экономикалық қарым-қатынастар және өңірдегі бірігіп жүзеге асырылатын инвестициялық жобалар жайы талқыланды.

Бүгіннен бастап Ақтөбеде Венгрияның консулдығы өз жұмысын бастады. Ал оның тізгінін Қазинерджи қауымдастығы төрағасының орынбасары Жанболат Сәрсенов ұстайды. Яғни ол Венгрияның Қазақстан Республикасындағы құрметті конcулы болып тағайындалды. Жанболат Сәрсеновке осындай маңызды дипломатиялық міндет жүктелуі алдымен Қазақстан мен Венгрия іскерлік кеңесінің тең төрағасы дәрежесіндегі сіңірген еңбегіне байланысты болып отыр. Есігін айқара ашқан консулдықтың алға қойған мақсаты мен міндеті салмақты.

ЖАМБОЛАТ СӘРСЕНОВ, ВЕНГРИЯНЫҢ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ ҚҰРМЕТТІ КОНСУЛЫ

Бұл атқарылар істерден өзге, Ақтөбе облысы мен Венгрия арасында авиа, туристік бағыттағы рейстерді іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар, елбасының "100 нақты қадам - ұлт жоспарында" айтылған бағдарламалар шеңберінде Қазақстанның халықаралық саяси және экономикалық аренадағы айқындамасын нығайту көзделген. Айтып өтейік, біздегі ашылған консулдық аймақ Алматы, Қарағанды және Ақтөбені  қамтиды.

Консулдықтың ашылу салтанатынан кейін венгерліктер Ақтөбе облысының бизнес-қауымдастығымен кездесіп, жаңа жоспарлар туралы сөз қозғады. екі елдің кәсіпкерлері венгрия мен қазақстанның компанияларының бірлескен мұнай-газ және басқа да жобаларға қатысуға мүмкіндіктері бар екенін атап көрсетті. Бүгінде екі елдің арасындағы тауар айналымы 10 млн долларға жетті.

АНДРАШ БАРАНИ, ВЕНГРИЯНЫҢ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ ЕЛШІСІ

Венгрия мен Қазақстан арасында дипломатиялық қарым-қатынастан өзге, тағы да тарихи-мәдени ұқсастықтар бар. кезінде Венгрия Еуропадағы көшпелі халықтың бірі болған. ұлы еуразия жерінің батысында орнығып, жеке мемлекет болып, тәуелсіз ел атанды. Мен Қазақстанды да екінші отаным санаймын. Екі елдің арасында бүгінде саяси-экономикалық, әлеуметтік, мәдени салада бірнеше іс атқарылуда. Тіпті, елдердің халқы визалық режимсіз бір-біріне қатынай алады. Бүгінгі кездесуде біз ауылшаруашылық саласына қызығушылық танытып отырған кәсіпкерлеріміздің жобаларын алып келдік.

Тоғыз жолдың торабындағы Ақтөбе облысы шетелдік инвесторлар үшін тартымды өлке. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың Венгрияның еліміздегі елшілік өкілдерімен кездесуінде осы географиялық артықшылыққа мән берілді. Кездесуде екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға үлес қосу мәселелері талқыланды.

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Ұлттық экономика министрлігі жүргізген әлеуметтік сауалнамаға сәйкес, Ақтөбе облысы іскерлік климат жөнінен Астанадан кейінгі екінші орында. Ал өңірдегі мұнайгаз саласы -  экономиканың тірегі. Сонымен қатар, мыс, хром қалайы сияқты пайдалы қазбалардың да қоры мол. Ауыл шаруашылығы бағытындағы жер көлемі де үлкен. Ең бастысы Ақтөбе облысы Еуропа мен Азия арасындағы дәліз. Сондықтан де, біздің өңірдің әлеуеті жоғары. Инвесторлар үшін де тартымды деп есептеймін.

Облыс басшысы елдегі инвесторлар үшін жасалып отырған салықтық жеңілдіктерді де тізіп берді. Мәселен, Қазақстанда инвесторлар шығынының 20-30 пайызын субсидиялайтын жүйе қалыптасты. Былтыр Ақтөбе олысында инвесторларға қызмет көрсету орталығы ашылды. Облыс әкімі біздің өңірде мал басы жеткілікті болғанымен, ет пен сүтті қайта өңдеудің кенжелеп қалғандығын да жеткізді. Сонымен бірге, жылыжайлар кешенін көбейту, консервіленген бау-бақша өнімдерін қолға алу, және алма бағы ісін жандандыру сияқты жобаларға көңіл бөлуді айтты. Басқосу соңында елшілік өкілдері елдер арасындағы мызғымас көпірге айналып, байланысты жетілдіруге ниет білдірді. ¤

 

 

 

Қосылды: 
21.04.2016 - 18:04
Соңғы өзгерiстер: 
08.09.2016 - 09:36