Ақтөбеде жеміс-жидек бақшасы отырғызылды

27 сәуір, жұма күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ақтөбе қаласын абаттандыру жұмыстарын қарап шықты.

Ең алдымен өңір басшысы Қарғалы (Нұр Ақтөбе) тұрғын үй алабында ағаш отырғызуға қатысты. Энергияүнемдеу орталығы ғимаратының жанынан жеміс-жидек бақшасы мен демалыс орнын ашу жоспарланып отыр. Қарғалы ауылының үлкендері, мемлекеттік қызметкерлер, мамандандырылған көгалдандыру мекемелерінің қызметкерлері 500 алма, алмұрт және өрік ағаштарының көшеттерін отырғызды. Жақын күндері демалыс орны тағы жөке және үйеңкі ағаштарының 1500 көшетімен толықпақ.

- Алмалар мен өріктер бірдің климаттық жағдайға толығымен бейімделген, жергілікті тәлімбақтарда өсірілген. Осы көктемде қала бойынша 200 мыңға тарта емен, үйеңкі, жөке, тал және тағы басқа қылқанжапырақ пен бағалы тұқымдас ағаштарды отырғызамыз. Бұдан басқа, тағы 200 мың көшет қаладағы жасыл белдеуді толықтырады,-деді қалалық тұрғын үй-шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әлібек Серікбаев. Жеміс-жидек бағын отырғызуға қатысқан облыс әкімі тұрғын үй алабының халқымен тілдесті.

- Жуық арада мұнда 200 мыңға жуық адам тұратын болады, бұған барлық инфрақұрылым есептелген. Мектеп, балабақша салуды, жолдарды жөндеуді жалғастырамыз. Жақында үйге жылу, газ, су, жарық беру кезінде қуат көзін үнемдейтін Электр үнемдеу орталығын пайдалануға береміз. Барлық үйлердің кіре берістеріне, аулаларға камера орнатамыз. Оны тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, құқықбұзушылықтың жолын кесу үшін осы орталықтан бақылап отыратын болады. Ғимараттың бір қанатында «Халықтық кеңсе» орналасады. Тұрғын үй алабын көгалдандыру – маңызды, бүгін егілген бақ 3-4 жылдан кейін аудан тұрғындарының жақсы демалыс орнына айналады. Суаратын судың үнемі болуы үшін Песчанка өзеніне Ақтөбе су қоймасынан су жеткіземіз,-деді Бердібек Сапарбаев. Өз кезегінде, жергілікті тұрғындар жасыл желектер мен аумақтың басқа да абаттандыру нысандарына ұқыпты қарауға уәде берді. - Біздің тұрғын үй алабымыз үлкейіп, жақсарып келеді, тұрғындардың өздерінің жүріс-тұрыс мәдениеті өсіп келеді,-деп атап өтті аудан тұрғындарының бірі Мұқан Қазкеев.

Одан кейін облыс әкімі Нариманов көшесінің күрделі жөндеуге дайындық жұмыстарының барысымен танысты. Автомобиль жолын жаңартудан басқа, тротуардың және ағынды суларының құрылысы қарастырылған. 12-ші шағын аудандағы жер үсті жүргіншілер өткелінің құрылысы бойынша жобаны таныстыру барысында Бердібек Сапарбаев жобада жабынды болмаған атап өтіп, жаяу жүргіншілерді жаңбыр мен қардан қорғау үшін міндетті түрде орнатуды тапсырды. Айта кетейік, жаяу жүргіншілер көпірі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында салынады. Оны пайдалануға беру ағымдағы жылдың үшінші тоқсанында тапсырылады. Сонымен қатар, облыс әкімі қазақтың ұлы қолбасшысы Бөкенбай батыр ескерткіші салынып жатқан алаңды тексерді. Ескерткішті тұрғызу Ақтөбе және Қазақстанның басқа аймақтарынан келген кәсіпкерлер қаржысы есебінен әуежай ауданында басталды.

- Қоладан құйылған және гранит тұғырдан тұратын ескерткіштің жалпы биіктігі 16 метрден астам. Бағасы шамамен 150 миллион теңгені құрайды. Ескерткіштің артында Бөкенбай батыр мен Әбілқайыр ханның басшылығымен үш жүздің әскерлері біріккенін бейнелейтін көркем көріністі орналастырамыз. Тағы бір ерекшелігі - батырдың қолында қару емес, Қарақұмда ұйымдастырылған тарихи құрылтайдағы қазақтың ұлттық әскерінің жалауы болады, - деді ескерткішті салу жөніндегі Қоғамдық кеңестің басшысы Мәлік Жекеев. Айта кетейік, ескерткіш айналасындағы 1,5 га жерді көгалдандырып, балалардың ойын және спорт алаңдарын орнату, автотұрақтар құрылысын салу жоспарланып отыр. Осы мақсатқа қаражат жергілікті билік органдары тарапынан бөлінеді.

                                                                                                                                                            Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі