Ақтөбеде жүзуден ҚР чемпионаты басталды

24 сәуір, сейсенбі күні Ақтөбе қаласындағы «Достық» жүзу кешенінде жүзуден Қазақстан чемпионатының ашылу салтанаты өтті. Оған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, сонымен қатар, жарыстың құрметті қонақтары – төрт дүркін олимпиада чемпионы, Халықаралық олимпиада комитетінің құрметті мүшесі Александр Попов пен Олимпиаданың қола жүлдегері, жүзуден Украина құрамасының бас жаттықтырушысы Андрей Сердинов қатысты.

Айта кетейік, жүзуден еліміздің ашық чемпионаты Ақтөбеде екі жыл қатарынан өтуде. Осы жылы біріншілікке Қазақстан мен Ресей Федерациясының 250-ден аса спортшысы қатысып жатыр.

Жарысты ашқан өңір басшысы Бердібек Сапарбаев Ақтөбенің осы күндері су спорты түрлерінің орталығына айналғанын атап өтті. Қалада Қазақстан чемпионатымен қатар жүзуден халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция да өтіп жатыр.

- Құрметті қонақтарға біздің ұсынысымызды қабылдап, семинарға қатысқаны, шеберлік сабақтарын өткізгені үшін алғыс айтамын. Бұдан басқа, Ақтөбеде өтіп жатқан Қазақстан чемпионатына екінші рет еліміздің мақтанышы, олимпиада чемпионы Дмитрий Баландиннің қатысқаны қуантады. Барлық қатысушыларға Қазақстан чемпионатымен қатар, осы жылы жылы өтетін Азия ойындарында да жетістіктер мен жеңістер тілеймін,-деді Бердібек Сапарбаев.

Өз кезегінде жүзуден олимпиада ойындарының төрт дүркін әлем чемпионы, алты дүркін әлем чемпионы, Халықаралық олимпиада комитетінің құрметті мүшесі Александр Попов аймақтың басшылығына және ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, қатысушыларға табыс тіледі.

- Биылғы жылы Сіздер Азия ойындарына қатысасыздар. Бүгін сіздер үшін көп жаттығуларды қайталайтын дайындықтың соңғы кезеңі және осылайша екі жылдық олимпиадалық циклге дайындалуға болады деп айта аламын. Сондықтан өздеріңіздің ең жақсы нәтижелеріңізді көрсетіңіздер, стандарттарға сай болып, биіктерге жетіңіздер, - деді ол.

 Ашылу рәсімінен кейін бірден алғашқы жүзу басталды. 100 метр қашықтықта Дмитрий Баландин бірінші мәреге жетіп, екінші ақтөбелік Айбек Камзенов келді. Үшінші орынға Жамбыл облысының өкілі Жұмағали Нұрдәулет ие болды.

Чемпионат 27 сәуірде аяқталады. Оның қорытындысы бойынша Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитеті Индонезияда өтетін жазғы Азия ойындары мен Аргентинада өтетін жазғы жастар олимпиадасына ересектер мен жасөспірімдер құрамасын жасақтайды.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі