Ақтөбеде көпбалалы отбасылар, жетім балалар мен мүгедек жандар «Нұрлы жер» бағдарламасымен пәтер алды

8 ақпан, бейсенбі күні «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен салынған 1374 пәтерлі тоғыз қабатты алты тұрғын үй пайдалануға берілді. Олардың ішінде 96 пәтер әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтар қатарына жататын пәтер кезегіндегілерге арналған. Қалған пәтерлердің иелері – «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшылары.

Көпбалалы отбасылар, жетім балалар мен мүгедек жандарға пәтер кілттерін өңір басшысы Бердібек Сапарбаев тапсырды.

- «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап қазақстандықтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге ерекше назар аударды. Осы мақсатта бүгінде елімізде «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» сынды бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Тұрғын үй мәселесін шешу келесі жылдары да басым болып қалады: Президент әр қазақстандыққа 30 шаршы метр тұрғын үйден келу үшін 1,5 млн жанұяны қол жетімді баспанамен қамтамасыз етуді тапсырды,-деді Б.Сапарбаев өзінің құттықтау сөзінде.

Өңір басшысы аталмыш тапсырманы орындау үшін Ақтөбе облысында құрылыс қарқыны жанданғанын атап өтті. Егер өткен жылы рекордтық 793 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, осы жылы кем дегенде 850 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған.

«Нұр Ақтөбе» ықшам ауданындағы жаңа пәтерге  65 жастағы Миваш Сүйінованың көпбалалы жанұясы ие болды.

- Мен – үй кезегінде батыр ана ретінде тұрдым. Бүгін екі бөлмелі пәтер кілтіне ие болдым. Елбасына жан жақты қолдау көрсетіп, отбасылар мен үлкен адамдарға қамқорлық жасағаны үшін алғыс айтамын. Осында жиналғандардың барлығын осындай қуанышты күнмен құттықтаймын,-деді ол.

Салтанатты шара «Батыс-2» шағын ауданында жалғасты. Мұнда мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының «Бәйтерек Девелопмент» желісі бойынша салынған 161 пәтерлі он қабатты үй пайдалануға берілді.

Пәтерге ие болғандардың бірі - бюджеттік сала қызметкері Ұлпан Ақмұрзинаның отбасы. Ол медициналық жедел жәрдем аурухнасында медбике болып жұмыс істейді, жолдасы үшінші топтағы мүгедек. Екі бала тәрбиелеп отыр. Баспана кезегінде 2009 жылдан бері тұр.

Бүгін Ақтөбеде барлығы 1535 пәтер пайдалануға берілді.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі