Ақтөбеде М.Мәметова атындағы еркін және әйелдер күресінен республикалық турнир басталды

Ауқымды шара «Туған жер» республикалық форумы аясында дарынды балаларға арналған Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған колледжінде бастау алды.

Форум ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бағдарламалық мақаласының «Туған жер» жобасы аясында өткізілуде.

Жарыстың құрметті қонақтары бірінші этникалық қазақ – олимпиада чемпионы, Қазақ КСР еңбегі сіңген жаттықтырушы Жақсылық Үшкемпіров, олимпиада чемпионы, грек-рим күресінен ҚР еңбегі сіңген спорт шебері Юрий Мельниченко, олимпиада чемпионы, бокстан ҚР еңбегі сіңген спорт шебері Ермахан Ыбрайымов болды.

Турнирге Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстанның барлық өңірлерінен келген 200-ден аса спортшы қатысып жатыр.

- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды спортпен шұғылдануға шақыру үшін өзі үлгі болады. Бұл әсіресе, Қазақстанның еліміздің үшінші жаңғыруын жүзеге асыруға көшкен сәтінде маңызды. Президентіміздің көреген саясатының арқасында еліміздің барлық түпкірінде бұқаралық спорт пен дене шынықтыруды дәріптеу, дамыту шаралары қолға алынуда. Ақтөбе облысында осындай маңызды бағытта үлкен жұмыстар жүргізілуде: материалдық-техникалық қор нығайып, жаңа спорт нысандары салынып жатыр. Қыркүйек айында Батыс өңірінде алғаш рет жаттықтырушыларды даярлайтын оқытушыларды дайындайтын спорт колледжі ашылды. Біз осы шаралардың барлығы Қазақстанды халықаралық аренада лайықты таныстыра алатын жаңа чемпиондарды тәрбиелеуге мүмкіндік беретініне сенімдіміз,-деді қатысушыларды жарыстың ашылуымен құттықтаған Бердібек Сапарбаев.

- Ақтөбе облысында мемлекет басшысының спортты дамыту бойынша тапсырмасы тиімді орындалып жатыр. Біз екі күн бойы спорт инфрақұрылымының нысандарымен танысып, спортта дарынды балаларға арналған мамандандырылған колледждің жағдайын көріп таңғалып отырмыз. Облыстағы спортшылар үшін нағыз қолайлы жағдайлар жасалуда,-деп атап өтті турнир қатысушыларына әдемі сайыс тілеген олимпиада ойындарының чемпионы Юрий Мельниченко.

Сондай-ақ, колледждің жаңа стадионда жасөспірімдер арасында «Ақтөбе – құтты мекен!» атты футболдан турнир басталды.

 

 

Ақтөбе облысы әкімінң басапсөз қызметі