Ақтөбеде мүмкіндігі шектеулі жандар жұмысқа орналастырылуда

Жұма күні Ақтөбеде қоғамды нығайтуға, қайырымдылықты дамытуға, азаматтық бастамаларды қолдауға, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетуге бағытталған дәстүрлі әлеуметтік маңызы бар «Біз біргеміз!» акциясы өтті.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев акцияға қатысушыларды құттықтап, мүмкіндігі шектеулі ақтөбеліктерге жұмысқа орналасу үшін жолдама берді. Акция аясында барлығы елу адам жұмысқа орналастырылмақ.

«Мемлекет басшысы айқындаған еліміздің әлеуметтік саясаты мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жан-жақты қолдауға бағытталған. Бұл сұрақ қашан да мемлекеттің бақылауында. Президент тапсырмаларына сәйкес біздің өңірде әлеуметтік мәселелер, оның ішінде мүгедектерді жұмысқа орналастыру мәселесін шешу басымдық болып табылады. Бүгінде облыста еңбекке жарамды 5 мыңға жуық мүгедек азамат бар. Орташа алғанда біз олардың 700-800-ін жұмысқа орналастырамыз. Бірақ бұл жеткіліксіз. Біздің мақсатымыз - лайықты жұмыспен қамтамасыз етіп, сұранысқа ие мамандықтарға оқыту», - деп атап өтті Б.Сапарбаев.

Акция шеңберінде мүгедектігі бар жандардың қатарындағы шеберлердің, суретшілер мен өнертапқыштардың көрмесі өтті. Олардың ішіндегі ең үлкені – екінші топтағы мүгедек 89 жастағы Хәкім Бекмұхамед өзінің ағаштан жасалған жәдігерлерін көрсетті.

Сондай-ақ, Ақтөбе қаласының әкімдігі, Ақтөбе қаласының сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қоры мен аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерінің арасында мүгедектердің құқығын қорғау жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Қайырымдылық акциясы 19 жыл қатарынан өткізіліп келеді. Оның осы жылғы ұраны – «Еңбек және жұмысқа орналасу - бұл әрбір қазақстандық үшін ынталандыру».

Шараны жергілікті билік органдарының көмегімен Ақтөбе қаласының сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қоры ұйымдастырды. Акцияға мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің басшылары, депутаттар, кәсіпкерлер, меценаттар, еріктілер және ерекше қажеттіліктері бар азаматтар қатысты.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі