Ақтөбеде республикадағы тұңғыш «Анаға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие беру орталығы салынды

Бүгін Ақтөбеде республикалық Аналар слеті аясында республикадағы тұңғыш «Анаға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие беру орталығы ашылды.

Салтанатты шараға КСРО халық әртісі Б,Төлегенгова, Социалистік еңбек ері В.Сидорова, балалар құқықтары жөніндегі уәкіл С.Айтбаева, ҚР ҰҒА академигі, Раиса Күзденбаева, этнограф Зейнеп Ахметова, белгілі ақын әрі журналист Марфуға Айқожина, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері А.Жағанова қатысты.

Бірегей жоба «Туған жерге тағзым» акциясы аясында демеушілер мен облыс тұрғындарының қаражаты есебінен жүзеге асырылған. Ананың ақ жаулығы іспетті тұрғызылған орталықтың құны 350 млн теңге.

«Аталмыш кешеннің ашылуы – бұл есімі әрқайсысымыз үшін қасиетті әрі баға жетпес болып табылатын, қазақ халқының аналарына, қыздарына деген тағзым. Бұдан былай көп балалы аналарға «Алтын алқаны», «Күміс алқаны» осында табыс ететін боламыз. Өңірдің дамуы мен отбасылық құндылықтарды нығайтуға айтарлықтай үлес қосқан ақтөбелік аналар үшін «Ана даңқы» төсбелгісін дайындап жатқанымызды айтқым келеді. Оны өмірі өзгелер үшін үлгі боларлық нағыз лайықты жандар алатын болады. «Анаға тағзым» кешені расымен де рухани орталыққа айналып, өскелең ұрпақты тәрбиелеуде үлкен рөл атқаратынына сенімдімін», - деп атап өтті облыс әкімі Бердібек Сапарбаев орталықтың ашылу салтанатында.

Айта кетейік, орталық қызметі қазақ халқының салт-дәстүрін ескере отыра әйелдің отбасындағы рөлін күшейтуге, болашақ аналарды тәрбиелеуге бағытталатын болады. Мұнда өскелең ұрпаққа білім-тәрбие беру жұмыстары жүргізіліп, жастарға қазіргі қоғамда қажет құнды бағдарларды дамытуға мүмкіндік беретін психолгиялық жеңілдеу және кеңес беру, қолданбалы өнер, жалпы даму, музыкалық тәрбие беру, стилистика және дизайн, отбасылық тренинг пен басқа да қызмет түрлерін көрсететін кабинеттер жұмыс жасайтын болады.

«Орталықтың құрылысына Ақтөбе облысының көп тұрғыны қатысты. 200-ден астам адам жеке шоттарынан өз ақшаларын аударды. Ол 2 мың, 50 мың, миллион теңге болды. Сондай-ақ, 300-ден аса кәсіпорын қаражат бөлді. Бәрінен бұрын Мұғалжар мен шалқар аудандарына алғыс айтқым келеді. Аталмыш аудандардың өндіріс ұжымдары бір күндік еңбекақыларын аударды», - деп мәлімдеді қала әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханова.

Экскурсия кезінде қонақтар ұлттық мұражайды, экспозициялық залды қарап шықты. Мұнда келушілер еліміздің тарихында маңызды із қалдырып кеткен қазақ халқының әйгілі тұлғаларының өмірімен және ерліктерімен таныса алады. Осы жерде Слет делегаттары облыстық мұражайдың «Ақтөбе өлкесінің жауһарлары» атты көрмесін, психологиялық жеңілдеу және кеңес беру, қолданбалы өнер, жалпы даму, музыкалық тәрбие беру, стилистика мен дизайн және т.б. кабинеттерді көрді. Шара аяқталған соң болашақ Аналар аллеясында алғашқы шыршалар отырғызылды.

Еске салайық, Ақтөбеде «Рухани жаңғыру» бағдараламасы аясында әйелдің қоғамдағы рөлі мен мәртебесін көтеру, мемлекеттік органдар мен қоғам назарын қазіргі отбасылардың, ана мен бала проблемаларына аудару, демографиялық саясатты дамыту мақсатында Аналар слеті өтіп жатыр. Форумға еліміздің барлық өңірінен келген қоғам, мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, бизнес құрылымдардың өкілдері қатысуда.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі