Ақтөбеде сотталғандардың өнімдерінің көрме-жәрмеңкесі өтті

Ақтөбе қаласындағы қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде әзірленген  500-ден астам бірегей бұйымдар «Серпін» жәрмеңкесінде ұсынылды.

Ақтөбеде алғаш рет өткізіліп отырған шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.

- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес сотталған азаматтардың қалыпты өмірге қайта оралуына барлық жағдайды жасауымыз керек. Біздің облыста түзеу мекемелерінде екі колледж бар, онда 150-ден астам сотталғандар жұмысшы мамандықтар бойынша білім алады. Осылайша, біз оларға түзету жолын таңдап, өз отбасыларына ақша табуға, көмектесуге, қаржылық міндеттемелерін төлеуге, сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамытуға мүмкіндік береміз, - деді Б.Сапарбаев.

Бүгінгі күні Ақтөбе облысының түзеу мекемелерінде 1500-ден астам адам жұмыс істейді, олардың 554-і «Еңбек-Ақтөбе» филиалында жұмыс жасауда.

«Еңбек» РМК бас директорының орынбасары Марат Салиннің айтуынша, тек өткен жылы мемлекеттік кәсіпорын 1,3 млрд теңге сомасында салық төледі. Республикада барлығы 4000 тұтқын жұмыс істейді. Орташа жалақы шамамен 35 мың теңгені құрайды.

Жәрмеңкеде ағаш және металл, құрылыс материалдары мен тігін өнімдерінің жүздеген түрлері бар. Үйге қажетті тұрмыстық киім-кешек пен кәдесыйлар, картиналар, қобдишалар, нарды, шахматтар ұсынылды. Осының бәрі сотталғандардың қолымен жасалып, күнделікті өмірде пайдалануға жарауда.

Бұдан басқа, іс-шара аясында «Еңбек-Ақтөбе» филиалы мен жергілікті кәсіпкерлер арасында 35 миллион теңгеден астам сомаға ынтымақтастық туралы барлығы 60 меморандумға қол қойылды.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі