Ақтөбеде тұрмыстық қалдықтарды өндейтін зауыт салынады

You are here

Сондай-ақ облыс әкімі Бердібек Сапарбаев шетелдік инвесторлармен  Ақтөбеде салынуы жоспарланған қатты қалдықтарды қайта өңдеу зауытының құрылысын талқылады. Облыс басшысы голландиялық қаржы холдингінің директоры Валдис Бистерспен кездесті. Жылына 200 мың тоннаға дейін тұрмыстық қалдық шығатын шаһарда оны өңдейтін зауыт болуы тиіс. Облыс әкімі зауыт құрылысы жүргізілетін жер учаскесін анықтауды тапсырды. Толығырақ Райгүл Еншібайқызы жалғастырады .

Еске сала кетейік 2015 жылдың наурызында  облыс әкімінің орынбасары Ғали Исқалиев және голландиялық  "RenTeh B.V." компаниясының өкілі Ақтөбеде тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдейтін зауыт салу бойынша келісімге қол қойған болатын. Ал бүгінгі кездесуде зауыттың салынатын жері мен құжаттарын реттеу барысы талқыланды. Облыс басшысы Бердібек Сапарбаев шетелдік инвесторларға "инфрақұрылымдарымен толық жабдықталған индустриялды аймақтан жер таңдауға мүмкіндік беріледі" деді. 

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Зауыттың жұмысына қатысты сіздерге қолдау көрсетуге дайынбыз. Ең бастысы қаржы мәселесі толық шешілсе. Бұл іс әсіресе Германия, Нидерланды елдерінде жақсы дамығанын білемін. Сондықтан сіздердің технологияңызға мән беріп отырмын. Алдағы уақытта біздің өңірде де қатты қалдықты кәдеге жарату мәселесі шешіледі деп сенемін.

Жоспарланған зауыттың жалпы қуаттылығы жылына 200 мың тонна. Онда заманауи құрылғылар қолданылатын болады. Қоқыс қалдықтарын қайта өңдеу кезінде сағатына 10-нан 15 мегаваттқа дейін электрқуаты да өндірілмек. Зауыт салынса, қалалық қоқыс полигонында жиналатын қоқысты 80 пайызға азайтуға мүмкіндік беруі тиіс. Өндіріс құрылысы шетелдік инвестициялар есебінен жүргізілетін болады. Зауыт іске қосылған жағдайда 450 жаңа жұмыс орны ашылмақ. 

ВАЛДИС БИСТЕРС, "RENTEH  B.  V." ГОЛЛАНДИЯЛЫҚ ҚАРЖЫ ХОЛДИНГІНІҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ

Біз қазір құжаттарды реттестіріп жатырмыз. Ал зауыт салынатын жер бойынша сұрақ алдағы айда толық шешіледі деп айта аламын. Одан кейін жалға алу келісіміне қол қойып, жоба бойынша жұмысты бастаймыз.

Егер инвестор Қазақстан экономикасына қомақты қаржы салатын болса, ол 10 жыл мерзімге дейін барлық салық түрінен босатылады. Ал ақшасын зауыт немесе фабрика салуға жұмсаса, оған 30 пайыз көлемінде қаржылай көмек көрсетіледі. Осыларды мысал ете келе, облыс басшысы шетелдіктерге " зауыттың құрылысында ешқандай мәселе туындамауы тиіс. Қыс бойы құжаттарды реттеп, жаз басталысымен жұмысқа кірісу керек деді.  

Жаңалықтар таспасы