Ақтөбеде тәуелсіздік жылдарындағы алғашқы хоккей-жаттығу спорт кешені ашылды

Ақтөбеде халықаралық балаларды қорғау күнінде көптен күткен мұз айдыны ашылды. Хоккей жаттығу спорт кешенінің салынуы Президенттің «Туған жер» жобасы аясында жүзеге асырылып отыр. Бұл өңірдегі тәуелсіздік жылдарында тұрғызылған қысқы спорт түрлерін дамытуға арналған алғашқы спорттық ғимарат.

Салтанатты ашылу салтанатына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты. Өңір басшысы жиналғандарды және барлық ақтөбеліктерді айтулы мерекемен құттықтады.

-Сіздердің барлығыңыз да біздің мемлекетіміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен балаларымыздың спортпен шұғылдануына, сапалы білім алуына, шығармашылықпен шұғылдануына және жан-жақты дамуына жағдай жасайтын мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылып отырғанын жақсы білесіздер. Облыста бұл мәселеге баса назар аударылады. Спорттың қысқы түрлері бойынша балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ашылуы үлкен іс шара. Мұндай кешен Ақтөбеде бұрын-соңды болмаған. Мен ақтөбеліктердің қысқы спорт түрлері бойынша әлеуеті зор екендігіне сенімдімін. Тиісті жағдай жасап, жаңа чемпиондарды өсіріп шығарамыз, - деді Бердібек Сапарбаев.

11 шағын ауданда орналасқан жаңа ОБЖСМ-де тек хоккейшілерді ғана емес, сонымен қатар, мәнерлеп сырғанау мен шорт-трек бойынша спортшылар жаттығады. Айта кетейік, мұнда орнатылған хоккей қорапшасы жоғары халықаралық стандарттарға сай және спортпен кәсіби түрде айналысуға арналған. Хоккей жаттығу спорт кешенінің мұз айдынын орнату және оны құю жөніндегі жұмыстарын Сочи қаласындағы хоккей стадионын 2014 жылы өткен қысқы Олимпиадалық ойындарға, Мәскеу стадионын хоккейден әлем чемпионатына дайындаған ресейлік компания жүзеге асырды.

Кешеннің құрылысын, құрал-жабдықтармен жарақтандыру және аумақты абаттандыру мен қосқандағы құны 544 миллион теңгені құрады. Жобаны облыстық әкімдігі «КТП» ЖШС-нің, атап айтқанда ағайынды Щегельскийлердің қаржылай көмегімен жүзеге асырды.

Бердібек Сапарбаев әлеуметтік маңызы бар жобаны жүзеге асыруда қолдау көрсеткені үшін «КТП» ЖШС бас директоры Всеволод Щегельскийге алғыс хат табыс етіп, Парламент Мәжілісінің депутаты Глеб Щегельскийді «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төс белгісімен марапаттады.

- Президенттің бастамасымен жүзеге асырылған «Туған жер» жобасын қолдағаныңыз үшін, сізге алғысымды білдіремін. Сіздің қосқан үлесіңіз өңірдегі өзге де компаниялар мен кәсіпорындардың басшылары үшін үлгі боларына сенімдімін, - деді Бердібек Сапарбаев.

1 маусымда ақтөбелік балаларға тағы бір бала бақша тарту етілді. Жаңа мектепке дейінгі мекеме өңірдегі мемлекеттік жеке серіктестікті белсенді дамытудың кезекті бір куәсі. Сәбилердің үйлесімді дамуы үшін барлық қажетті заттармен жабдықталған балабақша 240 мектеп жасына дейінгі балаларды қабылдауға дайын.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі