Ақтөбеде хоккей командасы мен Мұз сарайы пайда болды

Ақтөбе облысы әкімдігінің және Қазақстан хоккей федерациясының бастамасымен «Ақтөбе» жастар хоккей командасы құрылды. Ақтөбелік хоккейшілердің алғашқы ойыны 7 қазан, жексенбі күні ҚР жастар чемпионаты аясында өтті. «Ақтөбе» өз алаңында Петропавлдің «Құлагерін» қабылдады. Матч басталмас бұрын салтанатты мұз шоуы болып, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев шараға қатысушыларды құттықтады.

- Бүгін – тарихи күн – 28 жылдан кейін тұңғыш рет ақтөбеліктер Қазақстанның жастар хоккей лигасына қатысып отыр. Бұл Елбасы тапсырмасымен жүргізіліп жатқан бұқаралық спортты дамытудың жоспарлы жұмыстарының нәтижесі. Қысқы спорт түрлерімен айналысу үшін инфрақұрылым дамып келеді – бүгін біз Мұз алаңын ашып жатырмыз, бұдан бұрын бірінші «Олимп» хоккей модулі салынған болатын. Мұнда қазір 900-ге жуық бала жаттығады. Жақында ел Президенті Қазақстан халқына жолдауын жолдап, онда бұқаралық спортты әрі қарай дамыту және заманауи дене шынықтыру – сауықтыру кешендерін салу міндетін қойды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады, - деп атап өтті облыс әкімі.

Жастар хоккей лигасындағы маусымның ашылуы словакиялық «H+H TECHNIKА» инвесторларының мемлекеттік-жеке серіктестік аясында салған жаңа мұз сарайының күмбезі астында өтті. Бұл түрлі сыйымдылықтағы және «толық аяқталған» логистикасымен салынған мұз алаңы құрылысында кешенді тәсілді жүзеге асыратын халықаралық компания. Компания Словакия, Чехия, Ресей, Австрия, Украина елдерінің нарығына қызметтер ұсынады. Компанияның құрылтайшылары - хоккей мектептеріне басшылық ететін кәсіби хоккейшілер. Ақтөбеде жүзеге асырылған жобаның құны - 3,8 млн теңге, оның 70%-ын шетелдік инвесторлар қаржыландырған.

- Дүние жүзіне отыздан аса кәсіби мұз айдынын салдық, бұл біздің Қазақстандағы алғашқы жобамыз. Бұл арена дүниежүзілік технологияларға толықтай сай келеді, тіпті әлем чемпионатын өткізуге де болады. Біз жабдықты өзіміз өндіреміз, 1993 жылдан бастап шығарып келеміз. Технология жыл сайын жақсаруда. Мұнда орнатылған жабдық көп нәрсеге мүмкіндік береді, мәселен, мұз температурасын бақылап отырады, соның ішінде секторлардағы түрлі температураны қалыптастырады. Біз сондай-ақ, «Ақтөбе» хоккей командасының құрылуына көмектесіп, бұдан бұрын Қазақстанның үш дүркін чемпионы - «Ертіс» командасын жаттықтырған Юлиус Пензесті Словакиядан бас жаттықтырушы болуға шақырдық,- деді «H+H TECHNIKА» құрылтайшыларының бірі Ян Хован.

Мұз алаңы жыл сайын тек хоккейден хана емес, сонымен қатар, мәнерлеп сырғанаудан, баскетбол, шағын футбол, бокс, үлкен теннис, гимнастикадан да кәсіби жарыстар өткізуге, сондай-ақ, мәдени ойын-сауық шараларын тиісті техникалық дәрежеде өткізуге мүмкіндік береді. Спорт кешенінің жалпы аумағы – 8500 шаршы метр, мұз айдынының алаңы – 28х58 метр. Аренаға 2500-ден аса көрермен сыяды.

Мұз сарайының есігі тек кәсіби спортшылар үшін ғана емес, сонымен бірге әуесқойларға және конькимен жаппай сырғанауға қатысқысы келетіндерге де ашық. Кешенде алаңнан бөлек, мәжіліс залы, жаттығу залы, спорт тауарларын сататын дүкен, кеңселер мен кафе бар. «Ақтөбе» мен «Құлагер» командаларының кездесуі 7:1 есебімен аяқталып, ақтөбеліктердің пайдасына шешілді.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі